Бүгінде әлемге жаһандану ықпалы күшейген сайын адам құқығы, адамзаттық ортақ құндылықтар мәселесі өзектілігін арттыра түсті. Жаһанданудың екінші кезеңіне түрткі болған әлемдегі алып империя Кеңес Одағының күйреуі құрамындағы елдердің атеизмнен бас тартып, өз сара жолын таңдауымен жалғасты. Этникалық ұстанымы ислам дінімен байланысты болса да еліміз алғашқы қадамын зайырлылық арқылы адам құндылығы, азаматтық құқық мәселелерін негізге алғаны белгілі. Сондықтан ел азаматтары жаңа бағыттың мәнін сіңіре алмай жатқан кезеңде, зайырлылықтың түп-тамырын бағдарлап қойған шетелдік түрлі діни ағымдар өз мақсаттарына кірісіп үлгерген. Дін мемлекеттен бөлек деп азаматтардың сенім-наным бостандығына еркіндік берілгенімен, оны жат діни ағымдардың өз пиғылдарына пайдаланып кетуі күшейе түсті. Ширек ғасыр зайырлылықтың Қазақстанға тән өз бағыты болу керектігін дәлелдеп үлгерді. Себебі тәуелсіздіктің алғашқы жартысында ата дінімізге, салт-санамызға зиян тигізетін жат миссионерлер жайлы дабыл қақсақ, соңғы кезеңде олар ислам дінін жамылған жат ағымдардың ылаңының көлеңкесінде «назардан тыс». Бұған ислам діні төңірегінде түрлі руханиятқа қайшы пікірлердің қатар көтерілуі жиілеген әлемдік тенденция өз әсерін тигізгені рас.
Бүгінде зайырлылықты атеизммен астастырып, не болмаса ислам дініне қарсы құрылым деп шатасып жүргендер аз емес. Ал ислам діні тарихынан хабары бар адам Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с.) қадам-шешімінің зайырлылыққа негізделген тұстарының бар екенін бағалар еді. 622 жылы қабылданған «Мәдина конституциясында» бірнеше дін өкілдерінің бір мемлекетте қатар өмір сүріп, өзара құқықтық мәміле орнатып, Мәдина қаласының ішкі-сыртқы мәселелерін реттеуде ортақ міндеттер жүктеуге қол жеткізілген. Алғаш рет дінаралық диалогтың негіздемесі қалыптасқан бұл декларацияның ислам мемлекеттігінің пайда болуы мен қалыптасуында құқықтық рөлі ерекше…