



Бүгін Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасында Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің отырысы өтті. Жиында Түркістан қаласындағы кәсіпкерлік нысандардың сыртқы маңдайша-жарнамаларын ретке келтіру барысында туындаған мәселелер талқыланды.
Кеңесте Қазақстан Республикасының «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 37-бабына сәйкес Түркістан қаласы әкімінің кәсіпкерлік нысандардағы маңдайша жарнамаларын ретке келтіру және дизайн-код талаптарын сақтау мақсатында арнайы жұмысшы топ құру туралы өкімі де кеңінен сөз болды.
Отырысқа Кеңес төрағасы Орынбасар Кабиштаев, кеңес мүшелері, мемлекеттік орган өкілдері, кәсіпкерлер және Түркістан қаласының Сәулет және қала құрылысы бөлімінің мамандары қатысты.
Кездесу барысында кәсіпкерлер тарапынан маңдайшалардың өлшемдері мен орналасуына қойылған талаптар, дизайн-код нормаларының қолданылуы, ауыспалы кезеңнің сақталмауы және түсіндіру жұмыстарының жеткіліксіздігі жөнінде мәселелер көтерілді. Кәсіпкерлер әсіресе жаңа талаптарды енгізу кезінде бизнес өкілдерінің пікірін ескеру, заң талаптарын кезең-кезеңімен жүзеге асыру және артық әкімшілік кедергілерге жол бермеу қажеттігін айтты.
Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Зухра Амирова кәсіпкерлердің құқықтарын сақтау мәселесіне ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, қала келбетін қалыптастыру маңызды болғанымен, бұл жұмыстар кәсіпкерлерге қысым көрсету құралына айналмауы тиіс.
«Дизайн-кодтың басты мақсаты – қаланың сәулеттік келбетін қалыптастыру. Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы, сондықтан қаланың сыртқы эстетикалық талаптарға сай болуы заңды. Алайда бұл жұмыстар кәсіпкерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін сақтай отырып жүргізілуі тиіс. Біз кәсіпкерлердің ұсыныстары мен пікірлері міндетті түрде ескерілуі керек деп санаймыз. Көтерілген барлық мәселелер заң аясында жан-жақты қаралып, тиісті ұсыныстар әзірленетін болады», – деп ұсыныс білдірді.
Жиын барысында жұмысшы топтың негізгі міндеттері де нақтыланды. Атап айтқанда, Түркістан қаласындағы кәсіпкерлік нысандардың маңдайша жарнамаларын біріздендіру, дизайн-код талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, заң талаптарын түсіндіру және кәсіпкерлермен тұрақты кері байланыс орнату мәселелері қаралды.
Жиын қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдарға кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстарын күшейту және туындаған мәселелерді заң аясында шешу бойынша ұсыныстар берілді.





