Тұрғындар денсаулық сақтау мәселесіне байланысты сұрақтарын енді үйден шықпай-ақ, мамандарға тікелей телефон шалып, қоя алады. Арнайы медициналық білімдері бар он оператор кез-келген сұраққа жауап бере алады.
Мұндай мүмкіндік Түркістан облысында тәулік бойы жұмыс істейтін бірыңғай медициналық-ақпараттық Call-орталықтың іске қосылуының арқасында туды. Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінде айтылғандай Сall-орталық денсаулық сақтау саласындағы сапаны жақсарту үшін Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасы жанынан құрылды. Оған өңірдегі кез келген тұрғын 1305 қысқа нөмірін теру арқылы хабарласа алады. Ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Арман Сабитов, Түркістан облысы Қоғамдық денсаулық басқарма басшысы Марат Пашимов қатысты.
Сall-орталықтың негізгі міндеті – облыстық медициналық қызметтердің жұмысын үйлестіруді жақсарту, азаматтардың барлық өтініштерін уақтылы бақылау, сондай-ақ ақпараттық-талдау орталығын құру, тұрғындарға сапалы қызмет көрсету. Бұл – «Бір терезе» қағидаты бойынша денсаулық сақтау мәселелерінде қала мен облыс тұрғындарына қызмет көрсетуге арналған бірыңғай медициналық Call-орталықтың мамандандырылған бағдарламасы.
Тұрғындар Call-орталыққа қоңырау шалып, өздеріне дұрыс қызмет көрсетпеген белгілі бір медициналық мекеменің немесе нақты маманның жұмысы туралы шағым жасап, кәсіби жауаптар ала алады. Call-орталыққа келіп түскен шағымдар шұғыл түрде қаралып, операторлардың қызмет көрсету сапасын бақылау жөніндегі бас дәрігерлердің орынбасарларымен тікелей байланысы арқылы пысықталатын болады. Орталықта 12 адам жұмыс істейді. Олардың бәрі – медицина саласының өкілдері.
Мамандар қолдарына қалам алып, сұрақтарды қағазға тізіп жатпайды. Телефон арқылы жүріп жатқан диалогтың тікелей аудиокөшірмесі жасалады. Оператор болса, тұрғындар сұраған ақпаратты дереу компьютерден қарап, айтып береді. Тіпті қажет болса, қоңырау шалушыны дереу дәрігермен қосуға да мүмкіндік бар. Мақсат – халықтың денсаулығын жақсартып, науқасқа дөрекі сөйлеп, немқұрайлы қарайтын ақ халаттыларды анықтау. Операторлардың айтуынша, тұрғындар медициналық сауаттылығы төмен болғандықтан, негізсіз кезек күту, тегін дәрі ала алмау, тиісті маманға қарала алмау секілді түйткілдерге жиі тап болады екен. Саll-орталық күніне жүздеген адамдардың, әсіресе, егде жастағы қариялардың дер кезінде медициналық көмек алуына септеседі.
Шағымдар негізінде тоқсан сайын облыстың медициналық ұйымдарының рейтингтері жасалады. Бұл бағдарлама халыққа қызмет көрсету саласындағы медициналық мекемелер жұмысының сапасын, жеделдігін және айқындығын арттыруға мүмкіндік береді.
1305 нөміріне Түркістан облысы бойынша ұялы телефондардан (барлық ұялы байланыс операторлары) қоңырау шалу – тегін. Сонымен бірге WhatsApp арқылы 87711031313 нөмірі бойынша хабарлама қалдыра аласыз немесе 1305.kz@mail.ru электрондық почтасына хат жазуға мүмкіндік бар.
Бұл орталық медицина мекемелері мен халық арасындағы байланысты жақсартып, қызмет сапасын арттырады деп жоспарланып отыр.