


Руханият ордасы Түркістан қаласының дамуы мен көркеюі бағытындағы жұмыстар соңғы 7-8 жылда жүйелі түрде жалғасып келе жатқаны жұртқа белгілі. Оған әкімдіктермен қатар жергілікті соттар да өз үлестерін қосуда. Осыдан екі жарым жыл бұрын қаланың келбетіне көрік қосқан заманауи әрі сәулетті Түркістан облыстық сотының жаңа ғимараты пайдалануға беріліп, оның ашылу салтанатына қатысқан едім. Міне, кеше тағы бір тарихи оқиғаның куәсі болып, Түркістан облыстық сотының жанынан салынған БИЛЕР АЛЛЕЯСЫНЫҢ ашылу салтанатына қатыстым!
БИЛЕР АЛЛЕЯСЫНЫҢ ашылу салтанаты өте жоғары деңгейде әрі жарасымды жағдайда өтті. Жаңадан салынған БИЛЕР АЛЛЕЯСЫНЫҢ лентасын қию бақыты Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің Жоғарғы соттарының төрағаларына бұйырды. «БИЛЕР АЛЛЕЯСЫНЫҢ» ескерткіш кешенінің лентасын қияр алдында, Сот жүйсінің ардагері, Қазақстанның Құрметті судьясы, Оңтүстік Қазақстан облысының, Шымкент қаласының «Құрметті азаматы», Төле бидің жетінші ұрпағы Өмірбек Темірұлы бата берді.
Батадан соң, құрметті қонақтар: Қазақстанның Жоғарғы Сот Төрағасы Асламбек Мерғалиев, Әзербайжан Республикасының Жоғарғы сот төрағасы Инам Керимов, Қырғызстан Жоғарғы сот төрағасы Медербек Сатыев, Түркия Республикасының Кассациялық сот төрағасы Омер Керкез, Түркияның Мемлекеттік кеңес төрағасы Зеки Йигит, Өзбекстан Жоғарғы сот төрағасының 1-ші орынбасары Алишер Усманов және Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев «БИЛЕР АЛЛЕЯСЫНЫҢ» ескерткіш кешенінің лентасын қиды.
Шын мәнінде, бұл аллея қазақ халқының құқықтық мәдениеті мен Билер соты институтының тағылымын дәріптеп тұрғандай! Аллеяның ортасында төрт бағана және үлкен тақта орнатылған.
1-ші бағананың үстіңгі жағына «ЕЛГЕ БАЙ ҚҰТ ЕМЕС, БИ ҚҰТ!» деп, ал ұзына бойы тігінен «ҚАСЫМХАННЫҢ ҚАСҚА ЖОЛЫ» деп көрнекті түрде жазылыпты.
2-бағананың үстіне «Қазақтың Билер соты – тарихи ұлттық құндылық» деп, ал ұзына бойы тігінен «ЕСІМХАННЫҢ ЕСКІ ЖОЛЫ» деп жазылыпты.
3-бағананың үстіне «Жеті жарғыны» құрастырып шығарған даңқты Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би және т.б. белгілі билер деп, ал тігінен «ТӘУКЕ ХАННЫҢ ЖЕТІ ЖАРҒЫСЫ» деп жазылыпты.
4-бағананың үстіне «Абай Ұлы ойшыл, ағартушы, ақын әрі би болған» деп, ал тігінен
1885 жылы Абай жазған «Қарамола» Ережесі» көрсетіліпті.
Одан кейін тұрған үлкен тақтада ТҮРКІСТАНДА ЖЕРЛЕНГЕН ҚАЗАҚТЫҢ 23 БИІНІҢ аты-жөні жазылыпты.
Қорыта айтқанда, бұл жаңа нысан түркі халықтарына ортақ әділдік, даналық және заң үстемдігі қағидаттарының сабақтастығын айшықтап тұрғандай!
Сонымен қатар, бұл аумақта ағаштар егіліп, көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, толық абаттандырылып, әсем әрі көркем болып тұр. Бір сөзбен айтқанда, осы жердегі тұрғындардың рухани және жайлы демалысы үшін барлық қажетті жағдай жасалған.
Осы ретте айтпағым, тарихи әділдік пен құқықтық мәдениеттің сабақтастығын дәріптейтін аллея Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес және Түркістан облыстық сотының төрағасы Айдос Султановтың ұйымдастыруымен бой көтерген. Құрылыс жұмыстары наурыз айында басталып, кеше тұрғындар игілігіне берілді.
«БИГЕ ҚҰРМЕТ — ЕЛГЕ ҚҰРМЕТ» деген аталы сөзді естен шығармай, сот ғимараты жанынан ерекше «БИЛЕР АЛЛЕЯСЫН» салып, ел игілігіне берген басшылар мен құрылысшыларға мың алғыс! Сөз соңында баршамызды бұрынғы билердің рухы қолдасын деймін, ағайын!





