



Кеше Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) қатысушы мемлекеттердің жоғары соттарының 2-ші конференциясы өтті. Оған Түркия, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан сот органдарының басшылары қатысты. Конференцияны Қазақстан Жоғарғы Сотының Төрағасы Асламбек Мерғалиев ашып, Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың құттықтау сөзін оқыды. Мемлекет басшысы талқылауға шығарылған сот процестерін цифрландыру, жасанды интеллект технологияларын енгізу, сотаралық ынтымақтастықты дамыту және инвесторлардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру мәселелерінің өзекті екендігін атап өткенін қатысушыларға жеткізді. Одан әрі төраға өз сөзінде: «Азаматтардың орналасқан жеріне қарамастан сот қорғауына қолжетім-ділігін қамтамасыз ететін заманауи, цифрлық және аумақтан тыс сот төрелігінің қазақстандық «Болашақ соты» тұжырымдамасын ұсынды. Қазақстанда 15 жыл ішінде жасанды интеллект енгізуге негіз болған сот жүйесінің ауқымды цифрлық инфрақұрылымы құрылды. Қазірдің өзінде сот жүйесінде сот практикасын талдауға, істердің ықтимал нәтижелерін болжауға және қабылданатын шешімдердің сапасын арттыруға мүмкіндік беретін цифрлық талдау құралдары мен судьялардың зияткерлік көмекшілері қолданылады.» деді.
Пікірталастың едәуір бөлігі инвестициялық тартымдылық пен инвесторларды сотта қорғау мәселелеріне арналды. А.Мерғалиевтің айтуынша, заңнаманың тұрақтылығы, құқық қолданудың болжамдылығы және тиімді сот қорғауы инвестициялық шешімдер қабылдауда негізгі факторлар болып табылады.
Жиын барысында Әкімшілік әділет реформаларының оң нәтижелері және АХҚО соты мен Төрелік орталығын қоса алғанда, мамандандырылған институттардың рөлі атап өтілді. Қазақстанның негізгі бастамаларының бірі сот практикасымен және үздік құқықтық шешімдермен алмасу үшін ТМҰ жоғары соттарының бірыңғай цифрлық платформасын құру туралы ұсынысы айтылды.
Қатысушылар бұл бастаманы қолдап, оның сот төрелігінің сапасын арттыру және ТМҰ-на мүше мемлекеттердің сот жүйелері арасындағы кәсіби өзара іс-қимылды нығайту үшін маңыздылығын атап айтты.
ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев интеграциялық процестерді соттық өлшеудің маңыздылығын атап өтіп, бауырлас мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамытуға назар аударды. Түркия кассациялық сотының төрағасы Омер Керкез, Түркия Мемлекеттік кеңесінің төрағасы Йигит Зеки, Әзербайжан мен Қырғызстан Жоғарғы Соттарының төрағалары Инам Керимов пен Медербек Сатыев және Өзбекстан Жоғары сот органы төрағасының бірінші орынбасары Әлішер Усманов сотаралық өзара іс-қимылды нығайту, цифрлық сот төрелігін дамыту, ЖИ технологияларын жауапкершілікпен қолдану және инвесторлардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру қажеттігіне тоқталып өтті. Конференцияда сот практикасымен алмасу, сот жүйелерінің киберқауіпсіздігін қамтамасыз ету және судьялардың жаңа буынын даярлау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Конференция қорытындысы бойынша делегация басшылары Бірлескен мәлімдемеге қол қойып, цифрлық сот төрелігі саласындағы ынтымақтас-тықты дамыту, тәжірибе және озық практикалармен алмасу ниетін бекітті. Форум соңында А.Мерғалиев қол жеткізілген уағдаластықтар ТМҰ кеңістігінде құқықтық интеграцияны одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.
ТМҰ-ның 3-ші конференциясы 2027 жылы Қырғыз елінде өтетін болды.
Қабыл ДҮЙСЕНБИ





