Шымкент қаласында Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде «Жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру жолдары» тақырыбында мазмұнды республикалық семинар өтті. Қоғамдағы рухани құндылықтарды жаңғырту, өзара сыйластық пен жауапкершілік мәдениетін орнықтыру және өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі сабақтастықты нығайтуды көздеген алқалы жиынға түрлі сала мамандары, зиялы қауым және білім беру ұйымдарының өкілдері жиналды.
Іс-шараның басты мақсаты – қазіргі қоғамда жаңа қоғамдық этика қағидаттарын терең орнықтыру, жас буынның бойына адамгершілік, адалдық, әділдік және отансүйгіштік құндылықтарын сіңіруде отбасы, балабақша және педагогикалық ортаның үйлесімді ықпалын айқындау. Сонымен қатар қоғамдық келісім мен бірлікті сақтау, азаматтық жауапкершілікті арттыру және тәрбие ісіндегі өзекті мәселелерді ашық талқылау да күн тәртібіндегі негізгі міндеттердің бірі болды.
Семинар жұмысы мазмұнды секциялық отырыстар мен арнайы кездесулерге ұласты. Атап айтқанда, «Жаңа қоғамдық этиканы қалыптастырудағы балабақша қызметінің рөлі: халықаралық тәжірибе» және «Жаңа қоғамдық этиканы қалыптастырудағы балабақша қызметінің рөлі: даму мәселелері» тақырыптарында өткен отырыстарда мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру жүйесіндегі озық шетелдік тәжірибелер, балалардың тұлғалық қалыптасуындағы тәрбие жұмысының басым бағыттары және саланы сапалы дамыту жолдары жан-жақты зерделенді.
Мұнымен қатар бағдарлама аясында «Жаңа қоғамдық этиканы қалыптастырудағы Аналар алқасының рөлі» атты Шымкент қалалық Аналар алқасының кеңейтілген отырысы және «Жаңа қоғамдық этиканы қалыптастырудағы педагогикалық ортаның рөлі» тақырыбында кездесу ұйымдастырылды. Талқылаулар барысында отбасы тәрбиесінің өміршең маңызы, аналардың қоғамдағы беделі мен ықпалы, ұстаздардың оқу-тәрбие үдерісіндегі кәсіби әрі азаматтық жауапкершілігі, сондай-ақ қоғамдағы сенім мен ынтымақты нығайту тетіктері сөз болды.
Республикалық семинарға Қазақстан Республикасы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының мүшесі, Халық Кеңесінің мүшесі, республикалық Аналар алқасының төрағасы Шанаи Нәзипа, Шымкент қаласы Аналар алқасының төрағасы Гүлжан Сүгірбаева, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, Шымкент қаласы ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Әбдез Иманқұлов, білім беру саласының өкілдері, мемлекеттік және жекеменшік балабақшалардың басшылары, педагогтер, студенттер, Аналар алқасының мүшелері мен қоғам қайраткерлері қатысты. Қатысушылар қоғамдық келісім мен рухани тұтастықты сақтауда отбасы, білім ошақтары және қоғамдық институттардың бірлескен әрекеті айрықша маңызға ие екенін атап өтті.




