Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» тақырыбымен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХХІІІ сессиясы өтті.
Сессияда Президентіміз еліміздің дамуы жолында орынды ойларын айтты. Соның ішінде жастар тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелерді қозғады.
«Ассамблея жастардың идеологиялық тәрбиесін айрықша назарда ұстайды. Бұл – болашақта не боларын болжап білу мүмкін емес, қазіргідей алмағайып әлемде аса маңызды мәселе. Ассамблея этносаралық коммуникация орталықтарын дамытумен және осындай жаңа орталықтар ашумен айналысады. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар жобаларды қолдап, еріктілерді және жергілікті бірлестіктерді ынталандырумен шұғылданады», — деді Президент.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда қазір елге қауіп төндіріп тұрған бес кеселге тоқталғанын еске салды.
«Ассамблея нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресу ісінде маңызды рөл атқарады. Қауіпсіз өмір сүру үшін осындай қатерлі құбылыстардан біржола арылуымыз керек. Бұл – әсіресе, ұрпақтың болашағы үшін айрықша маңызды. Біз балалар мен жастарды барынша қорғап, дұрыс тәрбиелеуіміз қажет. Қоғамдық кеселдерді түбірімен жоямыз десек, ортақ іске бүкіл ел болып жұмылған жөн», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент оған ұлтына, дініне, әлеуметтік жағдайына қарамастан, барлығы атсалысуы керектігін баса айтты.
«Ұлы істер шағын әрекеттерден басталады». Сол сияқты кішігірім әрекеттер ауқымды өзгерістерге жол ашады. Әр адамның ой-санасы және мінез-құлқы жақсарса, тұтас қоғам жақсарады. Мақсат-мұраты биік болса, елдің рухы да биік болады. «Адал азамат» болу аса маңызды. Бір сөзбен айтсақ, келеңсіз үрдістерден жай ғана жирену жеткіліксіз. Оны жоюға да белсене атсалысу керек», — деді Мемлекет басшысы.
Президент айтқан басты кеселдермен күресу – біздің ортақ мақсатымыз.
Нодиржон Хасантаев,
«Ассамблея жакстары» РҚБ Түркістан облыстық өкілдігінің мүшесі