Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов М.Әуезов атындағы ОҚУ мәжіліс залында Әл-Фараби ауданы тұрғындарының алдында есеп берді.
Есепті кездесудің кіріспе сөзінде Мұрат Дүйсенбекұлы әр тоқсан сайын халықпен жүздесетінін жеткізді. Бұған дейін әкім 80-нен астам кездесу өткізген. Бүгінге дейін 81 елді мекеннің 76-сын аралап, 693 мәселені тыңдады. Оның 91-і өз шешімін тапты. Сонымен бірге, жергілікті әкімдік мамандары ай сайын белсенді тұрғындармен кездесіп, солар арқылы атқарылып жатқан жұмыстар халыққа баяндалады.
Өз сөзінде әкім әр салада оң көрсеткіштер орын алғанын атап өтті. Мәселен, ЖӨӨ 3,5 пайызға өсіп, 2,7 трлн. теңгені құраса, биыл бұл көрсеткішті 3 трлн. теңгеге жеткізу жоспарда тұр. Сонымен бірге кәсіпкерлікті дамыту бағытында қолға алынған жобаларға тоқталып өтті.
–Шағын кәсіпкерлікті қолдау мақсатында «Стандарт» жеке индустриалды аймағы ашылады. Бүгінде кәсіпкерлерге ғимаратты жалдау құнын субсидиялау қарастырылған. Бірінші жылы 75 пайызын, екінші жылы 50 пайызын, үшінші жылы 25 пайызын мемлекет өтейді. Сондай-ақ 1 пайызбен несие беріледі. Келешекте 300 млрд. теңге инвестиция тартып, 8 мың адамды жұмыспен қамтимыз, деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Шаһар басшысы демографиялық өсу динамикасын негізге ала отырып, қаланы алты бағытта даму қарастырылатынын мәлімдеді. Ол инженерлік инфрақұрылым, жол, тұрғын үй, білім, денсаулық сақтау нысандарының құрылысы және әлеуметтік қамсыздандыру мен жұмыссыздық деңгейін азайту бағыттары.
Мұрат Дүйсенбекұлы баяндамасында биыл су мен электр қуаты мәселесі 99 пайызға, қала көшелерін жарықтандыру 57 пайызға шешімін табатынын атап өтті. Сонымен қатар, көпқабатты тұрғын үй құрылысының үлесін арттыруға көңіл бөлінетінін айтты. Мәселен Нұр-Сұлтан қаласында жыл сайын 3 млн шаршы метрден астам үй салынса, Шымкентте 1 млн шаршы метрден енді ғана асып отыр. Соның өзінде оның жартысына жуығы жеке сектордағы тұрғын үйлер.
Әкім есебінен соң Әл-Фараби ауданының басшысы Рашид Мыңбаев тиісті аумақта бүгінге дейін атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасады. Ол 2023 жылға қарай ауданның көпқабатты үйлер орналасқан бөлігінде аулаларды абаттандыру мәселесі жүз пайызға шешілетінін мәлімдеді.
Кездесу соңында шаһар басшысы әлфарабиліктер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Сұрақ барысында халықты негізінен әлеуметтік және инфрақұрылымдық проблемалар көбірек алаңдататыны аңғарылды. Негізінен сауалдар Сәуле шағынауданындағы мәселелер төңірегінде қойылды. Тұрғындар тарапынан аталған шағынаудандағы спорт алаңшасы, қоғамдық тәртіп, жол, ирригация тағы да басқа мәселелер көтерілді.
Салтанат есімді қала тұрғыны Ақтас-2 елді мекенінде жайылымдық жердің жоқтығын айтып қынжылыс білдірсе, Сәуле Арғынбаева Республика даңғылы бойында орналасқан көпқабатты үй тұрғындарының тыныштығына жауапты учаскелік полиция өкілінің аты-жөні, телефон номері жазылған жадынама көрнекі жерде тұрса деген тілегін жеткізді.
«Шымкент келбеті» — Әнуар ЖҰМАШБАЕВ,
фото: Серік ҚОСАЕВ