Заң — бұл мемлекеттің тірегі ғана емес, әр отбасының қорғаны.
Біз көбіне «заң» дегенде сотты, полицияны, айыппұлды елестетеміз. Шын мәнінде заң біздің күнделікті өмірімізде. Таңертең балаңды мектепке апарғанда — жол ережесі заң. Дүкеннен азық-түлік алғанда — тұтынушы құқығы заң. Жұмысқа орналасқанда — еңбек құқығы заң.
Тәртіпсіз қоғамда ең алдымен қарапайым халық зардап шегеді. Бай адам адвокатын жалдайды, танысын табады. Ал қарапайым ана, көпбалалы отбасы, жалғызбасты әйел — тек заңға ғана сенеді. Заң әлсіз болса, әлсіз адам қорғансыз қалады.
Сондықтан «Заң мен тәртіп» — бұл ең алдымен әлеуметтік әділдік. Бұл — «менің атам бар, менің ақшам бар» дегеннің жүрмейтінін білдіреді. Бұл — кезекте тұрған адамның өз кезегін алуы, заңды талап етуі, әділ шешімге қол жеткізуі.
Бірақ тәртіпті тек мемлекет орнатпайды. Тәртіп үйден басталады. Баласы көшеге қоқыс тастаған ана «балам тәртіпсіз» деп өзгені кінәлай алмайды. Себебі тәртіпті балаға алдымен ата-ана үйретеді.
Біз «басқалар тәртіп сақтасын» деп күтеміз, өзіміз сақтамаймыз. Кезекті бұзамыз, бағдаршамның қызылына жүгіреміз, «кім көріп тұр» дейміз. Осыдан барып қоғам бұзылады.
Егер әрбір азамат «мен заңды сақтаймын, мен тәртіпті бұзбаймын» деп шешсе — ел түзеледі. Бұл үлкен өзгеріс емес, кішкентай қадам. Бірақ сол кішкентай қадамдардан үлкен мемлекет құралады.
Заңды құрметтейік. Тәртіпті сақтайық. Себебі тәртіп бар жерде — тыныштық бар. Тыныштық бар жерде — береке бар.
А.ОСИПОВА,
Шымкент гарнизоны әскери соты әкімшісінің басшы орынбасары.






