Тіл – ұлттың жаны, халықтың рухани қазынасы, мемлекеттің басты нышандарының бірі. Ана тіліміз арқылы ұлттың тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі мен дүниетанымы ұрпақтан ұрпаққа жалғасады. Сондықтан мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру – тек тіл мамандарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Бұл мәртебе оның қоғамдық өмірдің барлық саласында кеңінен қолданылуына, мемлекеттік басқару мен құқықтық қатынастарда лайықты орын алуына негіз болады.
Әсіресе сот жүйесінде мемлекеттік тілдің маңызы ерекше. Өйткені сот – заң үстемдігі мен әділдіктің салтанат құратын орны. Сот жұмысының әрбір кезеңінде заң талаптарының сақталуымен қатар, азаматтардың өз құқықтары мен міндеттерін ана тілінде түсінуіне жағдай жасалуы маңызды.
Қазақстан Республикасының заңнамасында сот ісін жүргізу тіліне қатысты нақты нормалар белгіленген. Сот ісін жүргізу мемлекеттік тілде жүзеге асырылады, ал қажет болған жағдайда сот ісін жүргізуде орыс тілі немесе басқа тілдер мемлекеттік тілмен тең қолданылады. Бұл – әр азаматтың заң алдында теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қағида.
Сот қызметінде мемлекеттік тілдің қолданылуы тек құжаттарды қазақ тілінде рәсімдеумен шектелмеуі тиіс. Ол – сот отырыстарында, азаматтармен қарым-қатынаста, ресми хат алмасуда және күнделікті қызмет барысында көрініс табуы қажет. Мемлекеттік тілде сауатты сөйлеп, іс жүргізу мәдениетін қалыптастыру әрбір мемлекеттік қызметшінің кәсіби жауапкершілігінің бір бөлігі.
Сонымен қатар сот жүйесінде қызмет атқаратын мамандардың тілдік сауаттылығын арттыру, қазақ тіліндегі құқықтық терминдерді дұрыс қолдану және мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту – маңызды міндеттердің бірі.
Мемлекеттік тілге құрмет – елге құрмет. Тілдің мәртебесі заңмен белгіленгенімен, оның шынайы беделі қоғамдағы қолданысымен өлшенеді. Сондықтан әрбір азамат мемлекеттік тілдің дамуына өз үлесін қосып, оны күнделікті өмірде кеңінен қолдануға ұмтылуы қажет.
Қазақ тілі – тәуелсіздігіміздің тірегі, ұлттық бірегейлігіміздің негізі. Оны құрметтеу, дамыту және келер ұрпаққа аманат ету – баршамыздың азаматтық парызымыз. Сағындық ОРДАБЕКОВ,
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының аға сот приставы.






