ШЫМКЕНТТЕ АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ АЛДАҒЫ ЖҰМЫС БАҒЫТТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Шымкент қаласындағы Достық үйінде Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ жанындағы Аналар кеңесінің кезекті мазмұнды отырысы өтті. Жиынның басты мақсаты – қоғамдағы отбасылық институтты нығайту, дәстүрлі рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеу, өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі аналардың рөлін күшейту және алдағы кезеңге арналған нақты жұмыс жоспарын айқындап, қызметті жандандыру болып табылады.
Алқалы отырысты Шымкент қалалық Аналар кеңесінің төрағасы Гүлжан Сүгірбаева жүргізді. Жиынға кеңес мүшелері, ардақты аналар, зиялы қауым өкілдері, қаладағы белсенді әйелдер қауымы мен «Қоғамдық келісім» мекемесінің мамандары қатысты. Күн тәртібінде кеңестің бұған дейін атқарған ауқымды жұмыстары жан-жақты сараланып, қол жеткен нәтижелер мен алда тұрған басым міндеттер егжей-тегжейлі талқыланды.
Кездесу барысында сөз алған кеңес төрағасы Гүлжан Сүгірбаева отбасындағы береке мен өзара сыйластық, қыз балалардың тәрбиесі, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты жаңғырту, сондай-ақ қоғамдық келісімді сақтауда аналардың атқарар рөлі ерекше екенін атап өтті. Төрағаның айтуынша, бүгінгі таңда Аналар кеңесі тек отбасылық мәселелермен шектелмей, жастар арасындағы құқық бұзушылықтың, лудомания мен нашақорлық сияқты жат әдеттердің алдын алу бойынша да жүйелі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Отырыста осы бағыттағы бастамаларды одан әрі жетілдіру жолдары қарастырылды.
Сондай-ақ отырысқа қатысушылар кеңес жұмысының тиімділігін арттыру, қаладағы аудандар мен тұрғын алаптардағы Аналар кеңестерінің қызметін өзара үйлестіру, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және азаматтық жауапкершілікті күшейтуге бағытталған жаңа жобаларды ортаға салды. Қатысушылар өз ой-пікірлерін ашық білдіріп, қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуде отбасы, мектеп, қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік органдардың бірлесіп әрекет етуі қажеттігін тілге тиек етті.
Отырыс қорытындысында Аналар кеңесінің алдағы уақытқа арналған нақты жұмыс жоспары пысықталды. Басым бағыттар ретінде жас ұрпақты отансүйгіштікке, еңбекқорлыққа, мейірімділік пен үлкенге құрмет көрсетуге баулу, этносаралық татулықты сақтауда аналар арасындағы достық дәнекерін нығайту міндеттері бекітілді. Жиын соңында қабылданған ұсыныстар негізінде алдағы айларда жүзеге асырылатын іс-шаралар легі нақтыланып, жүйелі түрде орындалатын болды.



