Шымкент қаласында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында кезекті бүкілқалалық тазалық сенбілігі өтті. Аталған ауқымды шараның басты мақсаты – қала аумағын абаттандыру, қоршаған ортаны қорғау, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, сондай-ақ өскелең ұрпақ бойында туған өлкеге деген патриоттық сезім мен азаматтық жауапкершілікті арттыру болып табылады.
Тазалық акциясы барысында мегаполистің барлық аудандары бойынша белгіленген учаскелерде ретке келтіру жұмыстары қарқынды жүргізілді. Шайылған көшелер, тазартылған гүлзарлар мен саябақтар, сондай-ақ тұрғын алаптардағы тұрмыстық қоқыстарды шығару шаралары қаланың сәулеттік әрі экологиялық келбетін жақсарта түсті. Ортақ іске қала тұрғындары, белсенді жастар, мемлекеттік мекеме өкілдері мен коммуналдық сала қызметкерлері біркісідей атсалысып, жоғары белсенділік танытты.
Аталған жалпыхалықтық экологиялық бастамаға Шымкент қаласы ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері де белсенді қатысып, өздерінің азаматтық ұстанымдары мен жанашырлықтарын көрсете білді. Мекеме ұжымы Еңбекші ауданына қарасты №11 шағын аудан аумағында ауқымды тазалық жұмыстарын жүргізіп, белгіленген аймақты күрес-қоқыстардан тазартты және ағаштар мен бұталарды ретке келтіруге өз үлестерін қосты.
Сенбілікке қатысушылар бұл акцияның тек айналаны тазалаумен шектелмейтінін, сонымен қатар қоғамдық келісім мен ауызбіршілікті нығайтатын маңызды ағартушылық жоба екенін де атап өтті. Мекеме өкілдері тазалықты сақтау мен қоршаған ортаға ұқыпты қарау – әрбір азаматтың туған қаласы мен елі алдындағы басты міндеттерінің бірі екенін алға тартты. Мұндай бұқаралық шаралар тұрғындар арасында өзара сыйластықты, ынтымақтастықты және ортақ үйімізге деген жауапкершілік сезімін арттырады.
«Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлері алдағы уақытта да қалалық және республикалық деңгейдегі экологиялық, әлеуметтік және рухани-патриоттық бастамаларға тұрақты түрде қолдау білдіріп, бейбітшілік пен адал еңбек құндылықтарын насихаттауды жалғастыра береді. Өз кезегінде ұйымдастырушылар барша шымкенттіктерді «Таза Қазақстан» акциясына үнемі үлес қосып, тазалықты күнделікті өмір салтына айналдыруға шақырды. Осылайша бұл шара ел ішіндегі ауызбіршілікті айшықтай түсті.




