Шымкент қаласындағы «Орта Азиялық жоғары медициналық» колледжінде студенттер қауымының қатысуымен мазмұнды ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті. Басқосудың басты мақсаты – өскелең ұрпақ бойында қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, этносаралық татулық пен бейбітшілікті нығайту, жалпыұлттық бірлік құндылықтарын дәріптеу, сондай-ақ жастардың құқықтық сауаттылығы мен азаматтық жауапкершілігін арттыру болып табылады.
Кездесу барысында мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтары, қоғамдағы ішкі тұрақтылық пен келісімді сақтаудың маңыздылығы кеңінен түсіндірілді. Сондай-ақ жастарды деструктивті және кереғар діни ағымдардың ықпалынан сақтану тетіктері, әлеуметтік желілерде ақпарат тарату кезіндегі сақтық шаралары сөз болды. Спикерлер студенттерге ғаламтор кеңістігіндегі жалған ақпараттар мен арандатушылық сипаттағы материалдарға сыни көзқараспен қарап, ақпараттық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырудың мәнін егжей-тегжейлі айтып берді.
Жиында әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздырудың құқықтық салдарына баса назар аударылды. Ұйымдастырушылар мұндай заңсыз әрекеттер үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қылмыстық жауапкершілік пен оның қоғамға келтірер зияны туралы ескертті. Жастарға қоғамдағы бейбітшілік пен ынтымақтастыққа нұқсан келтіретін әрекеттерден бойды аулақ ұстау, елдегі ортақ рухани-адамгершілік құндылықтарды құрметтеу жөнінде жүйелі түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Шараға Шымкент қаласы ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің сарапшысы М. Бесбаева және Дін істері басқармасы жанындағы Дін мәселелерін зерттеу орталығы КММ-нің теолог маманы С. Сейтхан қатысып, тақырып төңірегінде баяндама жасады. Мамандар студенттер тарапынан қойылған өзекті сауалдарға тұщымды жауаптар беріп, сараптамалық кеңестерімен бөлісті.
Өткізілген басқосу жастардың қоғамдық жауапкершілігін арттыруға, бейбітшілік, татулық пен тұрақтылық құндылықтарын саналы түрде қабылдауға зор септігін тигізді. Мұндай ағартушылық кездесулер мегаполистегі жастар арасында түрлі ақпараттық қауіп-қатерлерге қарсы берік иммунитет қалыптастырып, ел бірлігін сақтау жолында маңызды рөл атқарады. Осы орайда білім алушы жастар ел тұрақтылығын сақтауға дайын екендіктерін білдірді.




