Бүгін Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысы өтіп, онда елдің алдағы даму бағдары мен саяси жаңғырудың негізгі бағыттары кеңінен талқыланды. Жиын барысында Үкімет мүшелері 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу, ақша-несие саясаты және инфляцияны төмендету шаралары жөнінде есеп берді.
Күн тәртібіне сәйкес, Премьер-министр Олжас Бектенов еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы негізгі индикаторларға тоқталып, Үкіметтің биылғы жоспарларын таныстырды. Ал цифрландыру үдерісі мен жасанды интеллектіні мемлекеттік басқаруға енгізу мәселесі бойынша Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев баяндама жасады. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов ақша-несие саясатының басымдықтары мен инфляцияны тежеу тетіктерін ортаға салды.
Жиын соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қорытынды сөз сөйлеп, ел дамуының шешуші кезеңіне назар аударды. Мемлекет басшысы Қазақстанның өтпелі кезеңге аяқ басқанын атап өтіп, қазіргі реформалар ел тағдырына тікелей әсер ететін ауқымды өзгерістер екенін айтты.
Президенттің айтуынша, Конституциялық реформа – осы өзгерістердің өзегі. Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдан бері Конституцияға қатысты қоғамда кең әрі мазмұнды пікір алмасу жүріп келеді. Осы ұсыныстарды жүйелеу үшін 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссия құрылған. Бұл комиссия кәсіби деңгейі мен ауқымы жағынан еліміз үшін бұрын-соңды болмаған құрылым ретінде бағаланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтарға өз пікірін білдіруге толық мүмкіндік берілгенін ерекше атап өтті. eGov және eOtinish платформалары арқылы мыңдаған ұсыныс келіп түскен. Комиссия олардың барлығын мұқият қарап, тиісті түзетулер әзірлеген. Президент бұл үдерістің ашық өткенін, реформалардың тікелей эфирде талқыланып, қоғам назарына ұсынылғанын атап өтті. Мұның бәрі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының нақты іске асқанын көрсетеді.
Мемлекет басшысы Конституциялық комиссия он отырыс өткізіп, түбегейлі шешімге келгенін мәлімдеді. Комиссия «Ата Заңға жекелеген өзгерістер енгізу жеткіліксіз, қазіргі жағдайда жаңа Конституция қабылдау қажет» деген қорытындыға тоқтаған. Соған сәйкес, қаңтар айында жаңа Конституцияның алғашқы нұсқасы жарияланып, ол қоғамда кең талқылау туғызды. Президент мұны азаматтардың саяси мәдениеті мен белсенділігінің артқанын көрсететін оң үрдіс деп бағалады.
Жаңа Конституция жобасы «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына негізделген. Бұл модель Қазақстанның суперпрезиденттік басқару формасынан біртіндеп бас тартып, беделді Парламенті бар президенттік республикаға көшкенін айғақтайды. Ұсынылып отырған өзгерістер билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті күшейтіп, барлық саяси институттардың тиімділігі мен орнықтылығын арттыруды көздейді.
Президент сөзін қорытындылай келе, жаңа Конституцияда «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидаты айқын көрініс тапқанын атап өтті. Бұл бағыт 2019 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан саяси реформалардың логикалық жалғасы болып саналады. Мемлекет басшысының пікірінше, қоғам назарына ұсынылған жаңа құжат Қазақстанның дамудың сапалық тұрғыдан жаңа деңгейіне көтерілгенін көрсетеді және Әділетті Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадам болмақ.



