Тіл – халықтың жаны, ұлттың рухани коды, мемлекет тұтастығының айнасы. Қай қоғамды алып қарасақ та, оның мәдениеті мен өркениетінің деңгейі ең алдымен тілге деген құрметтен байқалады. Сондықтан Қазақстан үшін мемлекеттік тіл мәселесі — тек лингвистикалық ұғым емес, ол ұлттық қауіпсіздік, елдік ұстаным және азаматтық бірегейліктің басты белгісі.
Қазақстан Республикасының Конституциясының 7-бабында:
«Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп айқын жазылған.
Бұл норма – мемлекеттілігіміздің негізгі тағаны, тәуелсіздігіміздің заңдық дәлелі. Мемлекеттік тіл — мемлекеттік басқарудың, сот төрелігінің, құжат айналымының және ресми қатынастардың негізгі тілі болуы тиіс.
Сот жүйесінде де мемлекеттік тілдің қолданылуы — тек талап емес, заңмен бекітілген міндет. Әрбір азаматтың өз ана тілінде жауап алуға, құжатпен танысуға, құқықтарын түсінуге мүмкіндігі болуы – әділдікке қолжетімділіктің маңызды шарты.
Сот — қоғамдық сенімнің орталығы. Ал сенім дәлдікке, түсініктілікке, ашықтыққа сүйенеді. Бұл талап ең алдымен тіл арқылы жүзеге асады.
Сот маманының:
• құжаттарды сауатты ресімдеуі;
• құқықтық нормаларды нақты әрі түсінікті жеткізуі;
• мемлекеттік тіл нормаларын сақтауы — кәсіби жауапкершіліктің көрсеткіші.
Тілдің дұрыстығы – шешімнің дұрыстығына жетелейтін маңызды фактор. Өйткені сот ісіндегі әрбір сөз, әрбір ұғым құқықтық мәнге ие. Сондықтан мемлекеттік тілдің сапалы қолданылуы әділ сот төрелігінің ажырамас бөлігі.
Сот жүйесі — халыққа қызмет ететін құрылым. Ал халықтың басым бөлігі қазақ тілінде сөйлейтін қоғамда мемлекеттік тілді жетік білу – азаматпен тиімді қарым-қатынастың кепілі.
Мемлекеттік тілде сөйлей алу:
• түсінбеушіліктің алдын алады;
• сотқа деген сенімді арттырады;
• азаматпен ашық диалог орнатуға мүмкіндік береді.
Тіл — заң мен азаматтың арасындағы көпір. Сол көпірдің мықтылығы тілді қаншалықты құрметтеп, үйреніп, қолданатынымызға байланысты.
Қазақ тілі — тек қазақ халқының ғана емес, Қазақстанда өмір сүретін барлық ұлттың ортақ құндылығы.
Қазақ тілін меңгеру – этникалық талап емес, азаматтық мәдениеттің көрінісі.
Бір елді біріктіретін — ортақ жер емес, ортақ тіл. Тіл бір болған жерде түсіністік бар, ал түсіністік бар жерде татулық, бейбітшілік және тұрақтылық болады.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бір ғана білім саласының немесе тіл комитетінің міндеті емес. Бұл — бүкіл қоғамның ортақ борышы.
Ал сот саласында қызмет ететін мамандар үшін бұл жауапкершілік одан да жоғары, өйткені біздің жұмысымыз – заңның тілін халықтың тіліне айналдыру.
Тіл – елдіктің тұғыры, әділдіктің үнін жеткізетін құрал.
Сот саласының әрбір қызметкері мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейтуге, оның беделін арттыруға, құқықтық қатынастарда сауатты қолдануға үлес қосуы тиіс.
С.СИЕЗ,
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маманы.





