Тіл – ұлттың рухани өзегі, елдіктің белгісі, мемлекет тұтастығының алтын арқауы. Халықтың тарихы мен тағдыры, мәдениеті мен мінезі, дүниетанымы мен болмысы – бәрі тіл арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.
Қазақстан Республикасының Конституциясының 7-бабында:
«Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп нақты жазылған. Бұл бап – қазақ халқының ғасырлар бойғы арманының жүзеге асқан сәтін білдіреді.
Мемлекеттік тіл тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол – тәуелсіздіктің символы, ел бірлігінің кепілі.
Қазіргі таңда сот жүйесінде, құқық саласында және мемлекеттік қызметте қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту – ең өзекті мәселелердің бірі. Құжат айналымы мен ресми хат алмасуларда, сот залында іс жүргізуде мемлекеттік тілдің беделін арттыру – әрбір заң қызметкерінің абыройлы борышы.
Сот – әділдік пен заңның айнасы. Ал әділдік тіл арқылы айтылады, хатқа түседі, шешімге айналады. Сондықтан сот саласында қызмет ететін әрбір маманның тілдік сауаттылығы, мемлекеттік тілді жетік меңгеруі – кәсіби мәдениеттің басты көрсеткіші.
Сот ісін қазақ тілінде жүргізу тек заң талабы ғана емес, ол халыққа жақын болудың, сенім мен құрметті арттырудың жолы.
Қазақ тіліндегі іс жүргізу – әділ сотқа қолжетімділіктің де бір кепілі. Өйткені әрбір азамат өз құқығы мен міндетін, сот шешімін өз ана тілінде түсінуге хақылы.
Тілге деген құрмет – Отанға деген құрмет.
Біз тәуелсіз елдің ұрпағымыз, сондықтан мемлекеттік тілге қызмет ету – біздің парызымыз.
Мемлекеттік қызметкер, әсіресе сот саласының өкілі, өз сөзімен де, ісімен де қоғамға үлгі болуға тиіс. Әрбір хаттама, іс жүргізу материалы, ресми құжат сауатты, түсінікті және әдеби тіл нормасына сай жазылуы керек. Бұл – заң талаптары ғана емес, ұлт мәдениетінің деңгейін көрсететін өлшем.
Бүгінгі Қазақстан көпұлтты мемлекет. Бірақ бәрімізді біріктіретін ортақ күш – қазақ тілі.
Қазақ тілін білу – қазақ болудың шарты емес, қазақстандық болудың мәдени көрінісі.
Тілді үйрену арқылы өзге ұлт өкілдері қазақ халқының тарихын, дәстүрін, дүниетанымын терең түсінеді, ал бұл – ел ішіндегі татулық пен келісімнің басты алғышарты.
Тіл – ұлттың жаны, ұлттың жаны өлмесе – ел де мәңгі жасайды.
Мемлекеттік тілдің қадірін арттыру, оны шынайы өмірде кеңінен қолдану – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Сот саласында қызмет атқаратын әрбір азамат қазақ тілінің мәртебесін көтеруге өз үлесін қосқанда ғана, біз әділдік пен рухани жаңғырудың биігіне көтерілеміз.
Тіл – әділеттің де, адамдықтың да тілі. Тілді құрметтеу – елді құрметтеу.
А.БЕКЖАНОВА,
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот әкімшісінің бас маманы.





