2025 жылдың алғашқы төрт айы ішінде Түркістан облысында жұмыспен қамту саласында елеулі нәтижелерге қол жеткізілді. «Өңірлік жұмыс орындарын құру картасы» аясында биыл жалпы 130 769 жұмыс орнын ашу жоспарланған, оның ішінде 83 554 тұрақты және 47 215 уақытша жұмыс орны қарастырылған. Бұл мақсаттар облыс әкімінің басшылығымен қатаң бақылауда ұсталып келеді. Өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласындағы барлық шаралар жүйелі түрде үйлестіріліп, нәтижелі жүзеге асырылуда.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен өткен облыстық алқа мәжілісінде 2025 жылдың төрт айында атқарылған жұмыстың есебі тыңдалды. Еңбек мобильділігі орталығының директоры Абзал Казанкапов жұмыссыз азаматтарды тұрақты жұмыспен қамту бағытында 7883 жұмыс орны ашу жоспары қаралғанымен, нақты 12 031 жаңа жұмыс орны құрылғанын хабарлады. Осы көрсеткіштердің арқасында бір ай ішінде 4148 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
Сонымен қатар, «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» жобасы аясында 1747 жұмыс орны ашылған, оның ішінде соңғы бір айда 775 жаңа жұмыс орны құрылды. Ұлттық жобалар аясында 321 азамат жұмыспен қамтылғанымен, Түлкібас, Төлеби, Қазығұрт және Отырар аудандарында тиісті жұмыстар әлі толық қолға алынбағаны айтылды. Бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру қажеттігі алқа мәжілісінде ерекше атап өтілді.
Уақытша субсидияланатын жұмыс орындарына 2025 жылы 32 465 азаматты тарту жоспарланған, қазірге дейін 19 447 азамат осы бағдарламаға жолданған. Бұл көрсеткіштер де облыс әкімінің орынбасарының ерекше бақылауында.
Бейсенбай Тәжібаев жұмысты күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Ол:
— Аудан және қала әкімдері бекітілген индикаторлардың орындалуын қатаң бақылауға алсын;
— Субсидияланатын жұмыс орындарына қатысушылардың еңбек тәртібін, жұмыс берушілердің қызметін мұқият зерделеу жұмыстары жалғассын;
— Мемлекеттік қаражаттың тиімді және мақсатты жұмсалуын қадағалау қамтамасыз етілсін;
— Әрбір аудан бойынша бекітілген квоталарды толық орындау үшін нақты шаралар қабылдансын;
— Жұмыс алгоритмдерін әзірлеп, жағдайды тұрақты түрде баяндап, туындаған мәселелерді анықтап, шешу жолдарын ұсыну міндетті.
Сондай-ақ, әкім орынбасары кемшіліктер анықталған жағдайда жауапты басшыларға тиісті шаралар қолданылатынын ескертті.
Әлеуметтік қорғау саласындағы индикаторлардың орындалуы туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева баяндады. Оның айтуынша, биыл аз қамтылған азаматтардың санын 20%-ға төмендету межеленген. Әр тоқсанға бөлінген жоспар бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылдың төрт айында 49 037 адамға, яғни 7 995 отбасына атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындалып, төленді. Кедейлік деңгейі 2,3%-ға дейін төмендеп, өткен жылмен салыстырғанда 2,1%-ға жақсарған. Сонымен бірге, АӘК алушылардың саны 45 713 адамға, яғни 48,2%-ға азайған.
Облыста жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласындағы шаралар жүйелі түрде жүзеге асуда және бұл жұмыстар бақылауда болады. Жұмыс орындарын құру мен әлеуметтік қолдау шараларын жетілдіру жұмыстары Түркістан облысының тұрақты дамуына және тұрғындардың әл-ауқатының артуына маңызды әсер етеді.