«Әділет» партиясының Іскерлік кеңесінің отырысында Қазақстандағы орта бизнестің үлесін арттыру, отандық компаниялардың өсуіне жағдай жасау және кәсіпкерлерді қолдау тетіктерін жетілдіру мәселелері талқыланды.
Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен жиынға бизнес өкілдері, салалық қауымдастықтар мен мемлекеттік органдар қатысты.
Бүгінде елімізде 2 миллионға жуық шағын және орта бизнес субъектісі бар. Алайда орта бизнеске жататын заңды тұлғалардың үлесі шамамен 0,2% ғана. 2026 жылы шағын бизнестен орта бизнес санатына 429 кәсіпорын өткен.
Отырыста орта бизнестің экономикадағы үлесін 7%-дан 20%-ға дейін арттыру, жаңа өндірістер ашу, инвестиция тарту, тұрақты жұмыс орындарын құру және отандық өнімнің экспортын ұлғайту қажеттігі айтылды.
Ұлттық статистика бюросы өсіп келе жатқан кәсіпорындарды анықтауға мүмкіндік беретін «Өсу картасын» әзірледі. Ал Ұлттық экономика министрлігі шағын бизнестен орта бизнеске өтетін кәсіпорындарға арнайы қолдау шараларын енгізуді ұсынды.
Кәсіпкерлер бизнестің өсуіне кедергі келтіретін салықтық және әкімшілік мәселелерді көтерді. Сондай-ақ ұзақ мерзімді келісімшарттар, өнеркәсіптік кооперация, отандық жеткізушілерді тарту және шикізатты ел ішінде өңдеуді ынталандыру бойынша ұсыныстар айтылды.
Іскерлік кеңес кәсіпкерлердің мәселелерін жинақтап қана қоймай, оларды шешудің нақты жолдарын әзірлейтін тұрақты жұмыс форматына көшеді. Ұсыныстар заңнамалық бастамаларға, депутаттық сауалдарға және Үкіметке енгізілетін ұсыныстарға негіз болады.
Жиын қорытындысы бойынша мақұлданған ұсыныстар нақты іске асыру қадамдары мен бақылау тәртібі көрсетілген ортақ жол картасына енгізілмек.




