Осыған байланысты тәуелсіздігімізді алғаннан бері еліміздің білім беру жүйесінде жыл сайын реформалар мен сыңдарлы саясаттар, өзгерістер мен жаңалықтар еңгізілуде, ал дәстүрлі білімге бағдарланған білім беру жүйесін ұсыну – қазіргі таңда негізгі өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Білім беру жүйесінің басты міндеттері – ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіпке үйретуге бағытталған біліммен қамтамасыз ету болып табылады. Бiлiм беру жүйесiнің реттелуі қоғамның әлеуметтiк – экономикалық дамуында жетекшi роль атқарады, сондай-ақ оны әрi қарай айқындай түседi.
2011 жылдың 11 қазанында қабылданған ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның 3-бабының 4-тармағына сәйкес «Діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасында бiлiм беру мен тәрбиелеу жүйесі дін мен діни бірлестіктерден бөлiнген және зайырлы сипатта болады», — деп көрсетілген.
Білім берудің зайырлы сипаты діни немесе дінтанулық білімге тыйым салынады дегенді білдірмейді. Еліміздің заңнамалары аясында діни және дінтанулық білім берудің өзіндік мүмкіндіктері жасақталған.
Біріншіден, ұлт дүниетанымының, мәдениеті мен тарихының ажырамас бөлігі ретінде дін туралы түсініктер мен діндер тарихы туралы мәліметтер, соның ішінде Қазақстан Республикасы үшін дәстүрлі болып табылатын діндерге қатысты мағлұматтар, олардың пайда болуы, дамуы, қоғам өміріндегі орны туралы ақпараттар жалпыға бірдей білім беретін орта мектептен бастап, білім беру мекемелерінің барлық деңгейінде қоғамдық пәндер аясында оқытылады.
Екіншіден, орта мектептің 9-сыныбындағы «Зайырлық және дінтану негіздері» пәні аясында діндер тарихы мен тәжірибесі, дәстүрлі діндер мен жаңа діни қозғалыстар, Қазақстандағы негізгі діндер, олардың қасиетті кітаптары және діни мейрамдары, ислам дінінің қазақ жеріне таралуы, ханафи мазхабы мен матуриди ақидасының қазақ діни танымындағы орны, қазақ ғұламаларының рухани-діни мұрасы, қазақ жеріндегі исламдық мәдениет туындылары секілді өзекті дінтанулық мәселелер жүйелі негізде оқытылады…