Білім беру – тиісті оқу орны арқылы ғылыми мағлұмат беріп, адамның танымын, білімін, дағдысын, дүниеге көзқарасын жетілдіру үдерісі – қоғам мүшелерінің мәдениетін дамытудың негізгі шарты.
Білім беру қызметі – білім беру субъектілерінің мақсатты, педагогикалық білімге негізделген, оқушыларды оқыту, дамыту және тәрбиелеу міндеттері шешілетін үдеріс.
Қазақстан Республикасның 2007 жылы 27 шілдеде қабылданған «Білім туралы» Заңына сәйкес білім саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттары төмендегідей:
– баршаның сапалы білім алуға құқықтарының теңдігі;
– білім беру жүйесін дамытудың басымдығы;
– әpбip адамның зияткерлік дамуы, психикалық-физиологиялық және жеке ерекшеліктері ескеріле отырып, халықтың барлық деңгейдегі білімге қолжетімділігі;
– білім берудің зайырлы, гуманистік және дамытушылық сипаты, азаматтық және ұлттық құндылықтардың, адам өмірі мен денсаулығының, жеке адамның еркін дамуының басымдығы, т. б.
Сонымен қатар аталған заңға сәйкес білім беру ұйымдарында төмендегідей ic-әрекеттерге:
– саяси партиялар мен діни ұйымдардың (бірлестіктердің) ұйымдық құрылымдарын құруға және олардың қызметіне;
– білім беру ұйымдарында нәсілдік, этностық, діни әлеуметтік ымырасыздық пен айрықшалықты насихаттауға, милитаристік және халықаралық құқық пен ізгіліктің жалпыға танылған принциптеріне қайшы келетін өзге де идеяларды насихаттауға;
– педагог қызметкерлердің білім беру процесін саяси үгіттеу, діни насихат жүргізу мақсатында немесе білім алушыларды Қазақстан Республикасының Конституциясына және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетін әрекеттерге итермелеу пиғылымен пайдалануға тыйым салынады.
Аталған қағидаттардың барлығы білім алушылардың бостандықтары мен құқықтарын, қауіпсіздігін және заң аясында әрекет етуін қамтамасыз ету мақсатында жасақталған…