Достық үйінде 10 тамыз – Абай күніне орай «Абай мұрасы – ұлт руханиятының темірқазығы» атты танымдық-мәдени кеш өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – ұлы ақын, ойшыл әрі ағартушы Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттап, оның білім, ғылым, еңбек, адамгершілік, әділет пен елдік туралы тағылымды ойларын дәріптеу.
Кеш барысында қатысушыларға Абайдың өмірі мен шығармашылық жолы туралы презентация ұсынылып, ақынның музыкалық мұрасынан әндер орындалды. Сонымен қатар, Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінен көркем үзінділер оқылып, ұлы ойшылдың рухани мұрасының бүгінгі қоғам үшін маңызы кеңінен сөз болды.
Іс-шара барысында Абайдың әділет, жауапкершілік, адалдық және адамгершілік туралы ойлары қазіргі қоғамдағы құқықтық мәдениет және заң үстемдігі қағидаттарымен сабақтастыра қарастырылды.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Конституциясы, конституциялық даму және азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне арналған тақырыптық баяндама жасалып, ұлттық руханият пен құқықтық мәдениеттің өзара байланысы атап өтілді.
Кездесу барысында Абай шығармаларындағы адам болмысы, азаматтық жауапкершілік және ел болашағына деген алаңдаушылық мәселелеріне ерекше назар аударылды. Ақынның «толық адам» тұжырымы арқылы білімді, еңбекқор, әділетті әрі саналы тұлға қалыптастырудың маңыздылығы түсіндірілді. Бұл идеялардың қазіргі таңда жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік, жауапкершілік және қоғамдық белсенділік қасиеттерін қалыптастыруда өзіндік мәні бар екені айтылды.
Қатысушылар Абайдың шығармалары уақыт өткен сайын өзектілігін жоғалтпай, керісінше, әр дәуірдегі қоғам үшін жаңа қырынан ашыла түсетінін атап өтті. Ақынның ғылым мен білімге ұмтылу, жалқаулық пен надандықтан арылу, өзара құрмет пен татулықты сақтау жөніндегі өсиеттері бүгінгі күнмен үндесетіні сөз болды. Әсіресе жастарды білім алуға, ізденуге, еңбектенуге және ел игілігіне қызмет етуге шақыратын тағылымды ойларының тәрбиелік мәні жоғары екені атап көрсетілді.
Танымдық кеш соңында Абай мұрасын дәріптеу – өткенді құрметтеу ғана емес, ұлттық құндылықтарды қазіргі заманмен сабақтастыра отырып, болашаққа бағыт-бағдар беру екені айтылды. Іс-шараға қатысушылар рухани жаңғырудың негізінде білім, тәрбие, әділет және адамгершілік сияқты ұғымдардың тұратынын атап өтіп, Абай мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңыздылығына тоқталды.




