Шымкентте алаяқтық жасағаны үшін салықтық бақылау бөлімінің басшысы сотталып, Әл-Фараби аудандық сотында үкім шығарылды. Сөйтіп, заң бұзушылық пен құқық бұзушылықтың жолы кесілді.
Тергеу материалдары бойынша, сотталушы әріптесіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтегілер оның қыр соңына түскенін айтқан. Мекеме басшысы 5 миллион теңгемен бұл мәселені шешіп беремін деп көмектеспек болған, тіпті кейіннен қол астымда қамқорлығыма аламын деп те уәде беріпті.
Шенеуніктің әріптесі айлаға оңай алданып қалатындардың қатарынан болмай шыққан. Ол жемқорлықпен күресушілерден көмек сұрап, кейінірек басшыға таңбаланған купюраларды әкелген. Сот отырысында прокурор шенеунікті 6 жарым жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Алайда сот барлық жағдайларды ескере отырып, айыппұл түрінде жаза тағайындады. Сонымен қатар, сотталушы бұдан былай мемлекеттік қызметте еңбек атқара алмайды.
Сәбит Төреханов, Шымкент қаласы Әл-фараби аудандық сотының судьясы: «Сот қылмыстық істің барлық материалдарын зерделеп, оның кәмелетке толмаған төрт баласы бар екенін ескере отырып, оған 150 миллион теңге сомасында айыппұл түріндегі жаза тағайындады. Сот оған осы соманы өтеу үшін үш айға дейін мерзім берді» деді.