Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел дамуының қадау-қадау өзекті мәселелері бойынша берілген тапсырмалары негізінде Үкімет, Парламент депутаттары бірқатар заңды жаңа нұсқада қабылдап, қолданыстағы заң нормаларына көптеген жаңа өзгеріс пен толықтыру енгізді. Ширатып айтатын болсақ, оларды бес бағытқа бөлуге болады. Яғни әлеуметтік сала; қаржы – экономика; мемлекеттік басқаруды түбегейлі өзгерту, оның ішінде мемлекеттік қызмет, жемқорлыққа қарсы күрес; сот жүйесін, құқық қорғау органдарын реформалау; азаматтық қоғам қалыптастыру және саяси реформалар.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: «Жоғарғы Сот Төрағасы судьялардың біркелкі жағдайда әртүрлі шешім қабылдайтыны жөнінде маған бірнеше рет баяндаған. Мұндай келеңсіздіктерге жол беруге болмайды. Соның салдарынан қоғамда наразылық туындап, соттардың бәрі жемқор деген жағымсыз ақпарат тарайды. Соттар қылмыстық процесті жүргізу барысында тергеу органдарына жалтақтамауы керек» дейді.
Егер сотта мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін дәлелдей алмаса, айыптау үкімін шығаруға болмайды. Судьялар табандылық танытса, тергеу амалдары сапалы жүргізілетіні анық. Қылмыстық қудалауға түскен азаматтардың құқықтары да лайықты қорғалары сөзсіз. Қазір елімізде әрбір төртінші азаматтың басы дауға шатылған. Ал ешкімнің шен-шекпеніне, атақ-дәрежесіне қарамай шешім қабылдау кез келген судьяның парызы. Бірақ қазақта сөз бар, «Билік айту оңай, біліп айту қиын». Сондықтан әділ шешім қабылдап, даулы іске төрелік айтатын сот өте сауатты, қарым-қабілеті жоғары болуы шарт. Осы үдеден шығу үшін бұл салаға түбегейлі өзгеріс керегін Президент тағы да нақтылап айтты.
Сот жүйесіндегі реформаларды заңнамалық қамтамасыз етуде үлкен жұмыстар атқарылды. Былтыр әкімшілік, қылмыстық және қылмыстық-процессуалдық кодекстерге, заңнамаларға бірқатар елеулі өзгерістер енгізілді. Жыныстық зорлық-зомбылық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, педофилия, мал ұрлығы, браконьерлік, алкоголь ішіп көлік жүргізу, есірткі таратуға қатысты жаза қатайтылды. Бұлар енді ауыр қылмыс санатына кірді.
Заң жүзінде айыптаушы мен айыпталушының құқы бірдей. Қылмыстық процесте қылмыс жасамаған адамды қылмыстық жауапкершілікке тартқаны үшін айыптаушы тараптың жауапкершілігі күшейтілді. Сондай-ақ азаматты заңсыз ұстаса, қамаса, жалған куәлік жасауға мәжбүрлесе, айғақтарды бұрмаласа – осындай қитұрқылықтарға баратын құқық қорғау қызметкерлерінің жауапкершілігі заң жүзінде қатайтылды. Айыпталушы тараптың арыз-шағымы қараусыз қалдырылса немесе ешқандай әрекет жасалмаса, заң жүзінде жауапкершілік қарастырылды.
Сонымен қатар сот ісін жүргізуде әкімшілік сот ісі деген ұғым енгізілді. Бұл туралы заң былтыр қабылданды. 2021 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Яғни бұл дегеніміз – соттың төртінші жаңа түрі. Сондықтан бұл соттың іске кірісуіне, дайындалуына уақыт керек.
Қылмыс жасауға итермелейтін арандатушылыққа байланысты бап енді. Адам негізсіз сотталмауы керек. Соның бәрін сотқа дейін прокурор қадағалау керек.
Мемлекет басшысы құқық қорғау жүйесінің жұмысында айыптауға бейімділік басым екенін қадап көрсетті. Жолдауында Мемлекет басшысы құқық қорғау органдары тарапынан кәсіпкерлікке қарсы заңсыздық іс-әрекеттер ауыр қылмыс санатына жатқызылатынын айтып өтті.
Шоқан СМАИЛ,
Абай аудандық сотының
бас маман-сот мәжілісінің хатшысы.