Шымкент қаласының тұрғындарының саны 1 090 200 адам болса оның ішінде жастардың үлесі 22,2%-ын құрайды. Шымкентте 9 жоғары және 38 арнаулы оқу орынында жалпы 113 881 студент білім алады. Оның ішінде күндізгі бөлімде 94 370, сыртқы бөлімде 13 795, кешкі бөлімде 5 516 студент білім алуда. 2020-2021 оқу жылында жоғары оқу орындарын 31 551 студент тәмамдады. Жастардың отау тігіп, шаңырақ көтеруі заңдылық.
Шымкент қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Ерлан Садырбайұлы Айтбаев Мемлекет тарапынан жастарға барлық жағдай жасау қарастырылғанын, оның ішінде берік отбасы болып қалыптасуына негіз қалауды басты мақсаттарының бірі ретінде есептейтінін айта келіп: – 2021 жылдың наурыз айының қорытындысы бойынша отбасы құрған жастар саны – 650 (2020 жылы – 462). Жас отбасылар арасында ажырасқандар саны – 16 (2020 жылы – 20). Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметтеріне сәйкес, отбасын құрған азаматтардың үлесі 188 жасқа артқан.
«Үйлену оңай, үй болу қиын» деген сөз бар. Бірақ, көп жастар сол сөздің байыбына бара бермейтін сияқты. Үй болудың қандай болатынын жас кезінен санасына сіңіру мақсатында біз қаладағы «Шаңырақ» отбасы институтын қолдау орталығымен бірге көптеген іс-шаралар жоспарын түзгенбіз. Бірнеше рет жастармен кездесіп, оларға отбасын құрған соң туындауы мүмкін кедергілер, ықтимал қиындықтар жайлы, отбасылық құндылықтар туралы түсіндірдік, — дейді.
Орталық кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы ерте жүктіліктің де салдарымен де күресуде. Өкінішке қарай, ерте жүктілікпен (2021 жылғы наурыз айындағы көрсеткіші бойынша) 92 жас тіркелген. Жастар арасындағы мұндай өзекті мәселені шешудің жан-жақты жолдары қарастырған орталық кәсіби психологтармен келісімшарт жасасып, жастармен жұмыс жүргізуде. Әр психологқа 10 жастан бекітіліп, қыркүйек айына дейін 100 жасты қабылдап, көмек көрсету жоспарға енгізілген. Мамандар әр жасқа күніне 1 сағаттан көңіл бөледі. Мысалы, суицид аяқталған және аяқталмаған деп екіге бөлінеді. Аяқталмағаны қайталанбайтынына кепілдік болмағандықтан олармен терең жұмыс істеу керек. Орталық директоры «Мектеп жасындағы өтпелі кезеңде жүрген жастармен мектеп психологтары жұмыс істеп жатыр. 240 мың жасы бар Шымкентке 100 жас деген түк емес. Біз тәжірибе жасап көргіміз келеді. Шынтуайтында, жастардың мәселесі шешімін тауып, қоғамда өзгерістер орын алса, біз бұны үлкен жобаға айналдырмақпыз. Психологиялық көмек беретін жоба «Бақытты мекен» деп аталады дейді.