Әлем бұрын-соңды болмаған қиындықтармен бетпе-бет келіп отыр десе де болады.
Тығырықтан шығу үшін мемлекетке батыл әрі нақты прагматикалық шешімдер мен шұғыл рационалды іс-қимыл ауадай қажет болып тұр. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауын осы қажеттіліктің, тығырықтан шығу жолының жарқын көрінісі деуге толық негіз бар.
Президент Жолдауы – еліміздің мойнына түскен сынаққа мемлекеттің жауабы. Жаңа кезеңдегі тәуекелдер мен ауыртпалықтардың алдын алып, оларды еңсеруге бағытталған мемлекеттің кешенді жобасы.
Мемлекет басшысының Жолдаудағы айтылған негізгі міндеттер: бұдан әрі де әлеуметтік ұстаным дәстүрінен айнымайды; саяси, экономикалық реформаларды жүзеге асырудағы сабақтастық үзілмей жалғасады; заң үстемдігіне қол жеткізу басымдық болып қала береді;
жемқорлықпен күрес аяусыз жүргізіледі; ең бастысы, мемлекеттің бірінші құндылығы оның қарапайым азаматтары дейтін қағида мызғымайды.
Тоқаев ұсынған орасан әлеуметтік көмектер пакеті жағдайдың күрделілігіне қарамастан, оны оңалтуға мемлекет ресурсының толық жеткілікті екенін анық аңғартады.
Президент Жолдауында еліміздегі кешенді, күрделі жобалардан бастап, қарапайым адамдардың күнделікті өмірдегі проблемаларына дейін қамтылған.
Құқық қорғау мен сот жүйесін реформалау қолға алынатыны белгілі болды. Республикамыздың құқықтық мемлекет ретінде дамуы қабылданып жатқан құқықтық реформаларымен тығыз байланысты. Бұл реформалар елімізде заң үстемдігін құруға бағытталған. Елбасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында заң үстемдігі орнықпаса және азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайтындығына назар аударды. Сондықтан да сот және құқық қорғау жүйесіндегі қабылданған іс шаралар аса маңызды.
Бұл реформалардың нәтижесінде сот саласы түбегейлі өзгеріп жатыр. Ең біріншіден, кадр саясаты өзгеріп, сот саласына білікті және білімді мамандардың келуіне жағдай жасалуда. «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына, «Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына тиісті өзгерістер енгізіліп, судьялыққа кандидаттарды іріктеу кезеңдерін одан әрі ашық және айқын ету мақсаты орындалды.
Қазіргі таңда сот жүйесінің алдына қойылған мақсат – бұл халықтың сеніміне ие болу, бұл үшін судьялардың мәртебесі – қазақ елінің дана билерінің мәртебесіне тән болуы тиіс. Президент Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» бұл, шын мәнісінде, «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы деп айтқан. Сот жүйесінде бұл тұжырымдаманы іске асыру үшін көптеген іс шаралар өткізілуде.
«Сот жүйесінің 7 түйіні» бағдарламасының аясында ҚР Жоғарғы Сотымен бірқатар іс шаралар атқарылды. Аталған бағдарлама 7 бағытты қамтиды: «Мінсіз судья», «Үлгілі сот», «Әділ процесс», «Е-сот», «Оңтайлы орта», «Сапалы нәтиже», «Сотсыз татуласу орталығы». Бұл бағдарлама шеңберінде атқарылған іс шаралар өз тиімділігін көрсетті.
ҚР Жоғарғы Сотымен «Түнгі сот», «Отбасылық сот», «Еңбек даулары және жариялы-құқықтық қарым қатынас дауларының алдын алу», «Соттағы татуласу рәсімдері» пилоттық жобалар іске асырылуда, медиаторлар, Билер Кеңестері өз жұмысын жандандыруда.
Қазіргі таңда «Сот кабинеті» электрондық сервисі арқылы азаматтардың соттарға арыздарын жолдау, қажетті ақпарат алу мүмкіндіктері бар. Халыққа қызмет көрсету үрдістерін нығайту үшін соттарда фронт-кеңселер ашылды. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілері арқылы судьялар мен сот жүйесінің мамандарымен қолданыстағы заңдар, қызметтерді алу тәртібі түсіндіріледі.
Бұған қоса, ҚР Жоғарғы Сот Төрағасымен бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара байланыс жасау жылы деп жарияланып, бұл бағыттағы ақпараттық түсіндіру жұмысы күшейтілді.
Мемлекет басшысының меңзеп отырғаны – дағдарыстан дағдарыс туғызудың қажеті жоқ, керісінше, халықтың үміті мен сенімі үшін, мемлекеттің дамуы мен болашағы үшін, бүгінгі тұйықтардан ертеңгі орасан мүмкіндіктердің көзі мен тетігін іздеп, таба білуге тиіспіз.
Гүлвира ЖОЛБАРЫС,
Шымкент қаласының
мамандандырылған ауданаралық
экономикалық сотының судьясы.