Қазақстан Республикасының Әкімшілік Рәсімдік процестік кодексі 2020 жылдың 29 маусымында қабылданды, 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізіледі. Бұл заңнама ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауындағы тапсырма бойынша әзірленгені белгілі. Осыған орай Жоғарғы Сот тарапынан ауқамды жұмыстар атқарылуда. Жаңа құжат әкімшілік юстиция институтының жаңа қарқында жұмыс жасауына жол ашады деп күтілуде.
Әкімшілік рәсім дегеніміз әкімшілік органның, лауазымды адамның әкімшілік істі қарау, ол бойынша шешімді қабылдау және орындау жөніндегі, жолданым негізінде немесе өз бастамасы бойынша жасалатын қызметі, сондай-ақ оңайлатылған әкімшілік рәсім тәртібімен жүзеге асырылатын қызмет.
Әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті – жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақытылы шешу болып табылады.
Қабылдау тәртібі және мазмұны Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келмейтін Әкімшілік акт заңсыз деп саналады. Заңсыз ауыртпалық салатын әкімшілік акт міндетті түрде жойылуға жатады. Ал сот актілерін, сол сияқты соттың талаптарын орындамау мәжбүрлеу шараларын қолдануға әкеп соғады. Сот актісінің міндеттілігі әкімшілік процеске қатыспаған мүдделі адамдарды бұзылған немесе даулы құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа өтініш жасау мүмкіндігінен айырмайды.
Әкімшілік сот ісін жүргізу соттың белсенді рөлі негізінде жүзеге асырылады. Сот әкімшілік процеске қатысушылардың түсініктемелерін, арыздарымен, өтінішхаттарымен, олар ұсынған дәлелдермен, дәлелдемелермен және әкімшілік істің өзге де материалдарымен шектеліп қана қоймай, әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттейді.
Судья әкімшілік істің нақты және (немесе) заңды тұстарына жататын құқықтық негіздемелер бойынша өзінің алдын ала құқықтық пікірін айтуға құқылы. Сот өз бастамасы немесе әкімшілік процеске қатысушылардың уәжді өтінішхаты бойынша қосымша материалдар мен дәлелдемелерді жинайды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу міндеттерін шешуге бағытталған өзге де әрекеттерді орындайды.
Әкімшілік рәсімде құқықтар мен міндеттерге ие болу қабілеттілігі барлық әкімшілік органдар, лауазымды адамдар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар үшін тең дәрежеде танылады.
Кодекс бойынша бірінші сатыдағы сотта әкімшілік істерді соттың атынан әрекет ететін судья жеке-дара қарайды және шешеді. Апелляциялық сатыдағы сотта әкімшілік істерді судьялардың тақ сандағы (кемінде үш судья) алқалы құрамы қарайды, олардың бірі төрағалық етуші болып табылады. Судья арнайы әкімшілік соттар немесе аудандық және оларға теңестірілген соттар шығарған ұйғарымға жеке шағымдарды жеке-дара қарайды. Кассациялық сатыдағы сотта әкімшілік істерді судьялардың тақ сандағы (кемінде үш судья) алқалы құрамы, әдетте Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы төрағасының төрағалық етуімен қарайды.
Жалпы Кодекс жобасы әкімшілік рәсімдерді, оның ішінде мемлекеттік органдардың ішкі ведомстволық қызметіндегі ұйымдардың, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асырумен, сондай-ақ жария-құқықтық қатынастар саласындағы дауларды шешу бойынша әкімшілік сот ісін жүргізумен байланысты қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған.
Әкімшілік процестің азаматтықтан іс жүргізуден айырмашылығы, төрелік ету кезіндегі судьяның белсенді әрекетінен көрінеді. Өйткені талапкерден емес, мемлекеттік органнан қажетті құжаттарды талап ету мүмкіндігіне ие бола отырып, сот дәлелдеме жинауға бастамашылдық жасайды. Осы Кодексті қабылдау мемлекеттік қызметшілер мен уәкілетті мемлекеттік органдардың өз функциялары мен міндеттеріне аса жауапкершілікпен қарауды қамтамасыз ететіні сөзсіз.
Сержан АЙНАБЕКОВ,
Шымкент қаласының мамандандырылған
тергеу сотының судьясы.