




Түркістанда дуальды оқыту жүйесін дамыту және кәсіпорындардағы тәлімгерлердің кәсіби құзыреттілігін арттыру мақсатында16 сағаттық оқыту курсы өтуде.
Екі күнге жоспарланған оқыту Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының Адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Әзірет Ыдырыс пен бөлім сарапшысы Гүлдана Абданқұлдың жүргізуімен ұйымдастырылды. Оған дуальды оқытуға қатысушы кәсіпорындар мен ұйымдардың тәлімгерлері қатысты.
Оқу бағдарламасы дуальды оқытудың нормативтік-құқықтық негіздері, жұмыс орнында оқытуды жоспарлау және ұйымдастыру, өндірістік оқытудың педагогикалық әдістемесі сияқты маңызды бағыттарды қамтыды. Қатысушылар дуальды оқытудың құқықтық құралдарымен танысып, тәлімгердің міндеттері мен жауапкершілігі, кәсіпорын мен колледж арасындағы өзара іс-қимыл алгоритмдері, сондай-ақ өндірістік оқытудағы заманауи тәсілдер бойынша білімдерін жетілдірді.
Курс барысында «Түркістан Болашақ» колледжі директорының міндетін атқарушы Талғат Андабай дуальды оқытуды мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында іске асыру мәселелеріне тоқталса, «Кентау политехникалық колледжінің» оқу-өндірістік жұмыс жөніндегі директор орынбасары Нұржамал Джумартбаева өндірістік оқытудың педагогикалық негіздері туралы тәжірибелік ақпаратпен бөлісті.
Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының бөлім сарапшысы Гүлдана Абданқұлдың айтуынша, дуальды оқыту жүйесі өңірдегі білікті кадрлар даярлаудың тиімді құралына айналып келеді.
«Дуальды оқыту – теория мен тәжірибені ұштастыратын тиімді модель. Студенттер колледжде білім алып қана қоймай, кәсіпорындарда нақты өндірістік тәжірибеден өтеді. Соның арқасында олар еңбек нарығына дайын маман болып шығады. Қазіргі таңда облыста 36 колледжде дуальды оқыту жүзеге асырылуда. Бағдарлама 12 сала, 68 мамандық енгізілген. Дуальды оқытумен 2025 жылы тоғыз мыңнан астам дуалды оқыту жүйесінде келісім-шарт түзіліп, студенттер білім алуда. Бұл жүйенің басты артықшылығы – жұмыс беруші мен білім беру ұйымының тығыз байланысы. Студент оқу барысында болашақ жұмыс орнымен танысып, қажетті дағдыларды меңгереді. Нәтижесінде түлектердің жұмыспен қамтылу деңгейі артып келеді», – деді ол.
Іс-шара соңында қатысушылар жұмыс орнында оқыту үдерісін тиімді ұйымдастыру бойынша тәжірибе алмасып, тәлімгерлік қызметтің маңыздылығы мен дуальды оқытудың өңір экономикасын дамытудағы рөлін талқылады.





