Бүгін Шымкент қаласындағы №35 сайлау учаскесінде паралимпиада спортшысы Ж. Айтимова дауыс беріп, азаматтық таңдауын жасады.
Сайлау учаскесі К. Бектаев көшесі, №100 мекенжайында орналасқан «Smart инновация» жалпы орта мектебінің ғимаратында жұмыс істейді. Спортшы сайлау учаскесіне келіп, ел өміріндегі маңызды қоғамдық-саяси науқаннан шет қалмай, өз таңдауын білдірді.
Паралимпиадалық спорт – қайсарлықтың, табандылықтың және алға қойған мақсатқа деген жігердің айқын көрінісі. Бұл салада бақ сынайтын спортшылар үлкен дайындық пен төзімділіктің арқасында биік белестерді бағындырады. Олардың өмір жолы қоғамға жігер мен сенім сыйлап, қандай жағдайда да белсенді болудың маңызын көрсетеді.
Ал азаматтық белсенділік – әр адамның қоғам алдындағы жауапкершілігін танытатын маңызды ұстаным. Әсіресе, мүгедектігі бар азаматтардың сайлау үдерісіне еркін қатысуына мүмкіндік жасау, олардың таңдау құқығын қамтамасыз ету – инклюзивті қоғам қалыптастырудың маңызды шарты.
Ж. Айтимованың сайлауға қатысуы спорттағы табандылықпен қатар, қоғамдық өмірге де белсенді араласудың маңызын аңғартты.




