Жергілікті мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына шымкенттіктер белсене қатысуда. Әсіресе, ұжым болып ұйымдаса келіп дауыс беруші мекеме қызметкерлері, кәсіпорын жұмысшылары көп-ақ. «Нарсапа» ЖШС ұжымы да сол белсенділердің қатарында. Кәсіпорын қызметкерлері №60 балабақша ғимаратында орналасқан №147 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауларын жасады.
Аталған сайлау учаскесіне Тараз шағынауданының бірқатар көшесінде тұратын тұрғындар тіркелген. Атап айтқанда, Өркениет көшесіндегі №23-36, Шаңырақ көшесіндегі №22-42, Жетісу көшесіндегі №22-74, А. Мырзахожаев көшесіндегі №25-74 үйлердің тұрғындары лсы учаскеде дауыс беруде. Сонымен қатар Айшабибі, Жаңа ел, Арай, Ақшатау, Кербұлақ, Үшөзен, Ақшоқы және Аманқарағай көшелерінің тұрғындары да осы учаскеге қарайды. Жалпы есепте осы учаскеге 1407 сайлаушы тіркелген.
№147 сайлау учаскесі төрайымының орынбасары Құралбаева Айбарша Абдуназаровнаның айтуынша, сайлау учаскесінде дауыс беру процесін ұйымдастыруға қажетті жағдай жасалған. Тұрғындар мен еңбек ұжымдарының өкілдері өз азаматтық таңдауын жасауға мүмкіндік алып отыр.
– Бүгінгі сайлау – қала тұрғындары үшін маңызды қоғамдық-саяси науқан. Учаскеге қарасты аумақтағы сайлаушылардың дауыс беруіне барлық жағдай қарастырылған. «Нарсапа» ЖШС ұжымының келіп, өз таңдауларын жасауы – азаматтық жауапкершілік пен қоғамдық белсенділіктің белгісі. Әрбір азаматтың сайлауға қатысуы маңызды, – деді Айбарша Құралбаева.
Жергілікті мәслихат депутаттарын сайлау қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты шешімдер қабылдауға тұрғындардың қатысуына мүмкіндік береді. Сондықтан әр азаматтың өз таңдауын жасауы – ел өміріндегі маңызды үдерістің бір бөлігі.
Осылайша, «Нарсапа» ЖШС қызметкерлері де сайлауға қатысып, азаматтық белсенділіктерін танытты.




