Шымкент қаласының Еңбекші ауданына қарасты Жас дәурен тұрғын алабында халықпен ашық диалог форматында маңызды ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті. Шараның басты мақсаты – азаматтар арасында патриоттық сезімді арттыру, қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау, этносаралық татулықты нығайту және тұрғындардың құқықтық мәдениетін көтеру болып табылады. Алқалы жиынға қалалық Ақсақалдар кеңесінің өкілдері, арнайы ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері, жергілікті белсенділер мен тұрғын алаптың тұрғындары белсене қатысты.
Жиын барысында алғаш болып сөз алған Шымкент қалалық Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Б. Жалмұрзаев ел ішіндегі ынтымақ пен бейбіт қатар өмір сүрудің маңыздылығына тоқталды. Ол кез келген мемлекеттің дамуы мен өркендеуі ең алдымен қоғамдағы ауызбіршілік пен өзара сыйластыққа тікелей байланысты екенін атап өтті. Ақсақалдың айтуынша, тарихи зерде мен дәстүрлі рухани құндылықтарды сақтау, аға ұрпақ пен жастар арасындағы сабақтастықты үзбеу – бүгінгі қоғамның басты міндеттерінің бірі болып табылады.
Сондай-ақ Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы Т. Бейсембиев жалпыұлттық бірлікті сақтау мен этносаралық татулықты нығайтудың өзекті бағыттарын сөз етті. Ол өз сөзінде мегаполисте тұрып жатқан түрлі этнос өкілдері арасындағы достық дәнекерін арттыру бағытында жүзеге асырылып жатқан жүйелі жобаларға тоқталды. Сонымен қатар, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиеттерді сіңіру, оларды білім мен өнерге, бұқаралық спортқа баулу арқылы түрлі теріс ағымдардың алдын алуға болатынын нақты мысалдармен жеткізді.
Жиынға арнайы қатысқан Жас дәурен тұрғын алабының белсенділері А. Барлыбаева мен Х. Нұрымбетова да өз ой-пікірлерін ортаға салды. Олар жергілікті тұрғындардың азаматтық белсенділігін арттыру, тұрмыстық деңгейдегі өзара түсіністікті қалыптастыру және жастар тәрбиесіне отбасы тарапынан ерекше көңіл бөлу қажеттігін тілге тиек етті. Белсенділердің айтуынша, әрбір шаңырақтағы тәрбие мен көршілік сыйластық тұтас қаланың, тіпті елдің тұрақтылығына тікелей әсер етеді.
Кездесуде азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру, заңды құрметтеу және қоғамдық тәртіпті сақтаудағы әрбір тұрғынның жеке жауапкершілігі кеңінен қозғалды. Жиын соңында Жас дәурен тұрғын алабының тұрғындары көкейкесті сұрақтарын қойып, аудан тынысы мен инфрақұрылымды дамыту бағытында өз ұсыныстарын білдірді. Сала мамандары барлық сауалдарға тұщымды жауап беріп, еркін пікір алысты. Бұндай кездесулер жергілікті билік пен халық арасындағы алтын көпірге айналып, шаһардағы қоғамдық келісімді нығайтуға өз үлесін қоса береді.




