Шымкент қаласының Еңбекші ауданына қарасты Оңтүстік тұрғын алабында халықпен ашық диалог түріндегі маңызды ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті. Шараның басты мақсаты – азаматтар арасында патриоттық сезімді арттыру, қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайту, сондай-ақ Мемлекет басшысы белгілеп берген стратегиялық міндеттерді көпшілікке кеңінен түсіндіру болып табылады. Кездесуге қалалық Ақсақалдар кеңесінің мүшелері, сарапшылар, арнайы ақпараттық-түсіндіру тобының өкілдері, жергілікті билер мен ел ағалары және белсенді тұрғындар қатысты.
Жиын барысында алғаш болып сөз алған Шымкент қалалық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Б. Жалмұрзаев Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы негізгі басымдықтарға егжей-тегжейлі тоқталды. Ол елде жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалардың мән-маңызын баяндай келе, кез келген мемлекеттің өркендеуі ең алдымен ішкі тұрақтылық пен береке-бірлікке тікелей байланысты екенін атап өтті. Ақсақалдың айтуынша, Жолдауда жүктелген тапсырмаларды табысты жүзеге асыру үшін әрбір азамат өзінің қоғам алдындағы жауапкершілігін терең сезінуі тиіс.
Сондай-ақ Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы Т. Бейсембиев қоғамдағы бейбітшілік пен өзара түсіністікті сақтаудың өзекті мәселелерін көтерді. Т. Бейсембиев өз сөзінде мегаполистегі түрлі этнос өкілдерінің арасындағы достық дәнекерін нығайту бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарға тоқталды. Ол этносаралық келісім – ел дамуының басты негізі екенін тілге тиек етіп, жастарды білімге, мәдениетке, өнерге және бұқаралық спортқа баулу арқылы теріс ағымдар мен жат пиғылдардың алдын алуға болатынын нақты мысалдармен жеткізді. Жастар арасында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру – қазіргі қоғамның басты міндеттерінің бірі болып қала береді.
Өз кезегінде қалалық Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары С. Тұрымбетов ұрпақ тәрбиесі мен ұлттық құндылықтардың сабақтастығы төңірегінде ой өрбітті. С. Тұрымбетов тұрғындар арасындағы өзара сыйластық, үлкенді құрметтеп, кішіні ізеттеу, отбасылық оттың жылуын сақтау, заң мен қоғамдық тәртіпті қатаң сақтау мәселелеріне ерекше тоқталды. Тарихи зерде мен дәстүрлі рухани құндылықтарды бойына сіңіріп өскен ұрпақ қана ел болашағының берік тірегіне айналатынын айтты.
Жиын барысында Оңтүстік тұрғын алабының ақсақалдары мен тұрғындары сөз алып, аудан тынысы, жастар тәрбиесі және инфрақұрылымды дамыту бағытында өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныстарын білдірді. Сала мамандары қойылған сұрақтарға тұщымды жауап беріп, ашық пікір алысты. Бұндай кездесулер тұрғындар мен билік өкілдері, қоғамдық ұйымдар арасындағы алтын көпір болып, шаһардағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге зор үлес қосады.




