Түркістан қаласы | 16 қараша 2026 жыл
2026 жылғы 16–18 қараша аралығында Түркістан қаласында «Отбасын қолдау орталықтары үшін онлайн психологиялық қызметті ұйымдастыру» жобасы аясында еліміздің 11 облысы мен Шымкент қаласынан келген Отбасын қолдау орталықтарының психолог мамандарына арналған үш күндік оқу-семинар өткізіледі.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ қолдауымен, «QOLDAU» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен жүзеге асырылады.
Оқу-семинарға Ақмола, Павлодар, Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Абай, Алматы, Жетісу, Жамбыл, Атырау, Ұлытау облыстары мен Шымкент қаласынан келген Отбасын қолдау орталықтарының психолог мамандары қатысады.
Негізгі бағыт – некеге дейінгі білім беру
Оқу-семинардың басты мақсаты – психолог мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыру, жастарды отбасылық өмірге психологиялық тұрғыдан дайындау, некеге дейінгі оқыту бағдарламасын өңірлерде жүйелі енгізуге әдістемелік қолдау көрсету және отбасыларға ұсынылатын психологиялық қызметтердің сапасын арттыру.
Үш күндік оқыту Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің №383-НҚ бұйрығымен бекітілген некеге дейінгі оқыту бағдарламасының бес модулі негізінде жүргізіледі.
Оқыту бағдарламасы бес негізгі бағытты қамтиды:
- Серіктестік және жауапкершілік – отбасындағы өзара құрмет, сенім және жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру.
- Отбасын жоспарлау және репродуктивтік денсаулық – саналы отбасын құру және денсаулық мәдениетін дамыту.
- Құқықтық сауаттылық – ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттері, отбасылық қатынастардың құқықтық негіздері.
- Қаржылық сауаттылық – отбасылық бюджетті тиімді жоспарлау және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету.
- Эмоциялық интеллект және отбасындағы коммуникация дағдылары – эмоцияларды басқару, өзара түсіністік пен тиімді қарым-қатынас орнату.
Бес бағыт бойынша бес тренер теориялық және практикалық сабақтар өткізіп, психолог мамандардың кәсіби білімдері мен тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге назар аударады.
Психологиялық қолдау және отбасылық дағдарыстардың алдын алу
Семинар барысында жастарды некеге дайындаудың психологиялық ерекшеліктері, отбасындағы өзара қарым-қатынасты нығайту, ерлі-зайыптылар арасындағы жанжалдардың алдын алу және отбасылық құндылықтарды дәріптеу мәселелері қарастырылады.
Сонымен қатар психолог мамандар отбасылармен жұмыс жүргізудің тиімді әдістерін талқылап, практикалық тапсырмалар орындап, өңіраралық тәжірибе алмасады.
Некеге дейінгі оқытуды өңірлерде дамыту
Оқу-семинар нәтижесінде психолог мамандар алған білімдері мен практикалық дағдыларын өз өңірлеріндегі Отбасын қолдау орталықтарының қызметінде қолдануға мүмкіндік алады.
Аталған бастама некеге дейінгі білім беру бағдарламасын дамытуға, жастардың отбасылық өмірге дайындығын арттыруға, отбасылық дағдарыстар мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға және еліміздегі отбасы институтын нығайтуға бағытталған.
Некеге саналы дайындық – берік отбасының бастауы!
Ұйымдастырушы: «QOLDAU» қоғамдық бірлестігі
Жоба: «Отбасын қолдау орталықтары үшін онлайн психологиялық қызметті ұйымдастыру» («Организация онлайн психологической службы для Центров поддержки семьи»)
Қолдау көрсеткен ұйымдар: Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ.
Өтетін орны: Түркістан қаласы
Өткізілетін мерзімі: 16–18 қараша 2026 жыл




