Шымкент қаласында кадрлық тағайындау орын алды. Тәжірибелі медиамаман, белгілі қоғам қайраткері Әбдез Рахманұлы Иманқұлов Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы лауазымына ресми түрде тағайындалды.
Бұл туралы Достық үйінде қалалық этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық құрылымдар төрағаларының, зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен өткен алқалы жиында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек ресми түрде хабарлады. Қала әкімінің орынбасары өз сөзінде жаңадан тағайындалған басшының мол өмірлік және кәсіби тәжірибесіне тоқталып, мекеменің алдағы жұмысына, соның ішінде Шымкент шаһарындағы қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты одан әрі нығайту бағытындағы жауапты қызметіне табыс тіледі.
Әбдез Рахманұлы 1964 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданында дүниеге келген. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) журналистика факультетін бітірген. Өз саласының білікті маманы ретінде елдің ақпараттық және қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып келеді.
Еңбек жолын 1990 жылы Алматы облыстық «Жетісу» газетінде тілші ретінде бастаған. Жылдар өте «Сеймар» корпорациясының менеджері, атқарушы директоры, «ГАЛА ТВ» студиясының редакторы, «Хабар» агенттігі» АҚ-ның Өзбекстан Республикасындағы меншікті тілшісі, сондай-ақ «Хабар» агенттігінің Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарындағы меншікті тілшісі, «Хабар 24» телеарнасының меншікті тілшісі, «Сараптамалық орталық» бағдарламасының жүргізушісі қызметтерін абыроймен атқарған. Талай жылдар бойы отандық журналистиканың дамуына елеулі үлес қосып, халыққа объективті ақпарат таратуда өзіндік қолтаңбасын қалдырды.
Сонымен қатар, Әбдез Рахманұлы қоғамдық-саяси салада да белсенді еңбек етіп, мемлекеттік саясатты насихаттауға зор үлес қосты. Ол «AMANAT» партиясының Қаратау және Абай аудандық филиалдарының атқарушы хатшысы, «Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры сынды бірқатар жауапты басқарушылық лауазымдарды жемісті атқарды.
Алдағы уақытта «Қоғамдық келісім» мекемесінің жаңа басшысы қаладағы этносаралық татулықты сақтау, Ассамблея жұмысын жандандыру, жастар арасында рухани-патриоттық тәрбие беру және қоғамдық келісімді нығайту бағытындағы кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастырады.




