Шымкент қаласының ақпараттық-түсіндіру тобы Абай ауданына қарасты Қатынкөпір шағын ауданының тұрғындарымен және №6 қалалық емхананың медицина қызметкерлерімен арнайы кездесу өткізді. Мұндай ақпараттық-насихаттық шаралар халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және мемлекеттік реформалардың маңыздылығын кеңінен түсіндіру мақсатында жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді.
Бүгінгі таңда қоғамдағы өзара сенімді нығайту, әрбір азаматтың санасына отансүйгіштік пен жауапкершілік құндылықтарын терең сіңіру – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі. Осы орайда, халықпен тікелей байланыс орнатып, түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңызы зор. Тұрғындар мен еңбек ұжымдарының пікірін тыңдап, мемлекет тарапынан қолға алынып жатқан игі бастамалардың мән-жайын етене түсіндіру қоғам мен билік арасындағы алтын көпірді нығайта түсетіні анық.
Кездесудің негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген өзгерістердің мәні мен маңызын түсіндіру, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында белгіленген басым бағыттарды кеңінен насихаттау, сондай-ақ азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып, белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру болып табылады.
Жиын барысында қалалық Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Б. Жалмұрзаев пен Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкері Т. Бейсембиев арнайы баяндама жасап, Ата Заңымыздағы негізгі өзгерістерге тоқталды. Сонымен қатар, «Адал азамат» тұжырымдамасының негізгі құндылықтары мен қағидаттары, азаматтық жауапкершілік, қоғамдағы заң үстемдігі мен тәртіпті нығайту мәселелері тереңнен сөз болды. Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған стратегиялық міндеттер мен оларды жергілікті деңгейде жүзеге асырудың маңыздылығы егжей-тегжейлі баяндалды.
Басқосуға Шымкент қаласы Абай ауданы әкімі аппаратының қызметкері В. Пернекулова, аудан билері мен аналар ұйымының мүшелері қатысып, өз ой-пікірлерін ортаға салды. Өз кезегінде қатысушылар қоғамдық келісім мен бірлікті сақтау, этносаралық татулықты нығайту, қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың айрықша маңызын атап өтті. Сондай-ақ, ел көлемінде жүзеге асырылып жатқан ауқымды бастамаларға азаматтық белсенділік танытып, ортақ міндеттерді іске асыруға үлес қосу мәселелері бойынша өзара пікір алмасты.
Мұндай ақпараттық-түсіндіру кездесулері тұрғындар мен түрлі сала өкілдерінің құқықтық сауаттылығын арттыруға, қоғамдық құндылықтарды ұлықтауға, ел ішіндегі ынтымақ пен бірлікті нығайтуға зор ықпал етеді.
Бұдан бөлек, мұндай жиындар азаматтардың мемлекеттік бағдарламалар мен реформаларға деген сенімін арттырып қана қоймай, жергілікті деңгейдегі өзекті мәселелердің жедел шешілуіне де оң септігін тигізеді. Тұрғындардың ұсыныстары мен тілектері тікелей ескеріліп, алдағы атқарылатын жұмыстардың жоспарына енгізіледі, бұл өз кезегінде ашықтық пен сындарлы диалогты қамтамасыз етеді.




