Шымкент қаласында ел тарихындағы айтулы мереке – Республика күніне орай салтанатты іс-шара өтіп, биіктігі 100 метрлік ту тұғырына Мемлекеттік ту көтерілді. Рухани жаңғыру мен патриоттық рухты асқақтатқан бұл айтулы жиынға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, ардагерлер, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, белсенді жастар мен қала тұрғындары арнайы қатысты.
Салтанатты рәсім мемлекеттік рәміздерге деген ерекше құрметтің көрінісіне айналып, ел тарихындағы егемендіктің сан ғасырлық маңызын тағы бір рет айшықтады. Мемлекеттік ту – Қазақстанның тәуелсіздігінің, халықтың сынбас бірлігінің, бейбітшілігі мен мемлекет болашағы үшін ортақ жауапкершіліктің айқын символы. Көк тудың желбіреуі әрбір отаншыл азаматтың жүрегінде мақтаныш сезімін ұялатып, ел тұтастығын нығайта түсетін маңызды оқиға болды.
Биыл Қазақ елінің мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның қабылданғанына 36 жыл толып отыр. 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған бұл тарихи құжат ел тәуелсіздігіне бастар жолдағы берік негіз болып, Қазақстанның дербес мемлекет ретінде қалыптасуының құқықтық әрі саяси бастауына айналды. Тарихи құжатта еліміздің жер тұтастығы, халықаралық субъектілігі, азаматтардың теңдігі мен қоғамдық келісімі сияқты іргелі принциптер бекітілген болатын.
Бүгінде Республика күні ұлттың ұйысуына ұйытқы болып, барша азаматтарды ортақ құндылықтар, тарихқа құрмет және Отанның өркендеуіне деген шынайы ұмтылыс төңірегінде біріктіреді. Бұл ұлық мереке ел бірлігі мен қоғамдық тұрақтылықты сақтаудың, сондай-ақ, мемлекеттің қарқынды дамуына әрбір азаматтың адал еңбегімен үлес қосуының қаншалықты маңызды екенін еске салады.
Іс-шара барысында қала басшылығы мен ардагерлер өсіп келе жатқан жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру, мемлекеттік рәміздерді қадірлеу – бұл әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы екенін баса айтты. Ту көтеру рәсімінен кейін жиналған қауым Мемлекеттік Гимнді бірге шырқап, мегаполистегі мерекелік шаралар әрі қарай патриоттық бағыттағы мәдени бағдарламаларға ұласты. Бұқаралық шаралар қала жастарының бойында отаншылдық рухты қалыптастыруға және ұлттық ынтымақтастықты нығайтуға үлкен серпін берді.
Шымкентте өткен мұндай ауқымды жиындар халық арасында сенім мен жауапкершілікті арттыруға, дін саласындағы тұрақты саясатты насихаттауға, сондай-ақ әділдік пен достық құндылықтарын өскелең ұрпақ бойына сіңіруге қызмет етеді. Еліміздің көк туы мәңгілік желбіреп, тәуелсіздігіміз баянды болғай!



