Шымкентте Халықаралық қарттар күніне орай аға буын өкілдері бас қосып, спорттық сайыста өзара бақ сынады. «Белсенді ұзақ өмір орталығында» өткен жарыс «Әділет» партиясының «Үш ұрпақ – ортақ мұрат» республикалық фестивалі аясында ұйымдастырылды. Қариялар бильярд, үстел теннисі, дойбы және шахматтан сынға түсті.
Тұран аудандық партия филиалы ұйымдастырған сайысқа 30-ға жуық зейнеткер қатысты. Шараға «Әділет» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Ербол Байқонысов, Тұран аудандық партия филиалының атқарушы хатшысы Есімхан Бертаев және «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері қатысты. Жастардың да шараға араласуы фестивальдің негізгі идеясын – ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтып, үлкендердің тәжірибесін кейінгі буынмен сабақтастыру мақсатын айқындай түсті.
Мұндағы мақсат тек жеңімпаздарды анықтау емес. Ұйымдастырушылар аға буынның бос уақытын тиімді өткізуіне, салауатты өмір салтын ұстануына және қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік жасауды көздеді. Спорттық жарыс барысында қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, еркін пікірлесіп, жақсы көңіл күймен уақыт өткізді.
Жиында сөз алған Ербол Байқонысов аға буынның қоғамдағы орнына тоқталып, олардың өмірлік тәжірибесі кейінгі ұрпақ үшін маңызды құндылық екенін атап өтті.
«Аға буынның өмірлік тәжірибесі – кейінгі ұрпақ үшін үлкен мектеп. Сондықтан қарияларымыздың белсенді өмір сүруіне жағдай жасап, олардың өнегесін жастарға жеткізу маңызды. «Үш ұрпақ – ортақ мұрат» фестивалінің мәні де осында – тәжірибе мен дәстүрді ұрпақтан ұрпаққа жалғау», – деді ол.
Жарыс қорытындысында әр спорт түрінен үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды. Қатысушылар ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, осындай спорттық және мәдени шаралардың тұрақты түрде өтуі аға буын үшін маңызды екенін атап өтті.
«Үш ұрпақ – ортақ мұрат» фестивалінің негізгі мәні де осында. Аға буынның өмірлік жолы мен тәжірибесін бағалау, жастардың үлкендерден өнеге алуына жағдай жасау және ұрпақтар арасындағы байланысты күшейту.
Айта кетсек, Шымкентте зейнеткерлерге әлеуметтік, мәдени-демалыс, спорттық-сауықтыру, шығармашылық және зияткерлік бағыттар бойынша қызмет көрсететін төрт «Белсенді ұзақ өмір орталығы» жұмыс істейді. Мұнда түрлі үйірмелер мен спорттық секциялардан бөлек, мәдени-көпшілік шаралар мен қоғамдық жобалар ұйымдастырылады. Орталықтардың қызметін күн сайын орта есеппен 800-ге жуық зейнеткер пайдаланады.
Мұндай орталықтар аға буынның қоғамнан шет қалмай, өз қызығушылығына қарай жаңа орта тауып, белсенді өмір сүруіне мүмкіндік береді. Бірі шахмат ойнап, бірі спортпен шұғылданса, енді бірі шығармашылық үйірмелерге қатысады. Яғни зейнет жасы – қоғамдық өмірден қол үзетін кезең емес, керісінше жинақталған тәжірибені бөлісіп, өз ортасында белсенді болуға болатын уақыт.



