
Түркістан облысында жергілікті өнім өндірушілерді қолдауға бағытталған «Бір ауыл – бір өнім» жобасының биылғы кезеңі жалғасуда. Түркістан облысының Кәсіпкерлер палатасында жобаның жартылай финалы өтіп, өңірден қатысқан 38 кәсіпкердің арасынан 10 финалист анықталды.
Биыл жобаға облыстың әр аудан-қаласынан 38 кәсіпкер қатысып, өздері өндіріп отырған өнімдерін ұсынды. Іріктеу нәтижесінде 20 кәсіпкер жартылай финалға жолдама алған болатын. Бренд-комитеттің отырысында осы қатысушылардың өнімдері жан-жақты сараланып, сапасы, ерекшелігі, жергілікті шикізатты пайдалану мүмкіндігі, өнімнің нарықтағы әлеуеті және бренд ретінде дамыту мүмкіндігі ескерілді.
Нәтижесінде жоба финалына 10 кәсіпкер өтті. Олардың қатарында дәстүрлі қолөнер бұйымдарынан бастап, ұлттық тағамдар, кондитерлік өнімдер, ет және ара шаруашылығы өнімдері, балалар ойыншықтары мен жеміс-жидектен жасалған өнімдерге дейінгі түрлі бағыттағы кәсіпкерлер бар.
Жоба финалистері:
Айсұлу Садыкова – «Алтын Таға» жеке кәсіпкерлігі. Түркістан қаласының кәсіпкері киізден түрлі бұйымдар мен тоқыма өнімдерін өндіреді.
Бегалы Сейітханов – «Айна өнімі». Жетісай ауданынан қатысқан кәсіпкер сабын және косметикалық өнімдер шығарады.
Жандос Полатбеков – «Bic Bastau». Кентау қаласының кәсіпкері дәстүрлі қолөнерді дамытып, ұлттық ойындарға арналған бұйымдар өндіреді.
Асхат Сарсенов – «OINA LINE». Түркістан қаласының кәсіпкері ойындар мен балаларға арналған ойыншықтар өндірісімен айналысады.
Париза Кулманова – «Farifood». Төлеби ауданынан қатысқан кәсіпкер ұлттық тәттілер, кондитерлік және ұн өнімдерін дайындайды.
Нұрслу Батырбекова – «Синин». Кентау қаласының кәсіпкері ет өнімдерін қайта өңдеп, шұжық өнімдерін өндіреді.
Бауыржан Әбдірахман – «Әли-Асқар». Түлкібас ауданынан қатысқан кәсіпкер алмадан табиғи чипсы өндіруді қолға алған.
Танакөз Бабахан – «Бабахан». Арыс қаласының кәсіпкері бал және ара шаруашылығы өнімдерін өндіреді.
Данияр Манат – «Данияр М М». Сарыағаш ауданынан қатысқан кәсіпкер ет өнімдерін қайта өңдеп, шұжық өнімдерін шығарады.
Балакүл Жамал – «Жамал». Созақ ауданынан қатысқан кәсіпкер өсімдік шикізатын қайта өңдеп, тосап, джем, пастила, шырын, шөп шайлары мен фитожинақтар сияқты өнімдер өндіреді.
Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ербол Әуелбековтің айтуынша, жобаның маңыздылығы – кәсіпкердің дайын өнімін анықтап қана қоймай, оны нарыққа шығаруға дейінгі кезеңдерде сүйемелдеуге мүмкіндік беретіндігінде.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушылардың қатарында өз ісін енді дамытып келе жатқан кәсіпкерлермен бірге, белгілі бір өнім түрін қалыптастырған өндірушілер де бар. Біздің міндет – олардың өнімін нарық талаптарына бейімдеуге, сапасын арттыруға, қаптамасы мен брендін дамытуға және өткізу нарығын кеңейтуге қолдау көрсету. Биылғы финалистердің өнімдерінен өңірде жергілікті шикізатты тиімді пайдаланып, бәсекеге қабілетті өнім шығаруға мүмкіндік бар екенін көріп отырмыз», – деді Ербол Әуелбеков.
Жоба аясындағы қолдау қаржылай грантпен ғана шектелмейді. Финалистер өнімді жетілдіру, брендті дамыту, қаптама дизайны, маркетинг, өнімді нарыққа шығару және сауда арналарына енгізу бағыттарында сүйемелдеу алады.
Жоба талаптарына сәйкес, финалға өткен кәсіпкерлердің ішінен грант иегерлері анықталып, 5 млн теңгеге дейінгі қайтарымсыз мемлекеттік грантқа қатысу мүмкіндігі беріледі. Бұл қаражат кәсіпкерлерге өндірісін кеңейтуге, қажетті құрал-жабдық алуға және өнім көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасы 2023 жылдан бері «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен жүзеге асырылып келеді. Жобаның негізгі мақсаты – ауылдық жерлердегі кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, жергілікті шикізаттан жасалатын бірегей өнімдерді дамыту және олардың ішкі әрі сыртқы нарықтарға шығуына жағдай жасау.




