Шымкентте айналмалы автокөлік жолының құрылысы басталды. Ірі инфрақұрылымдық жобаның іргетасын қалау рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.
Жаңа тасжол Алматы-Ташкент бағыты бойынша өтетін халықаралық және республикалық транзиттік көлік қозғалысын қаланың аумағынан тыс өткізуге арналған. Бұл негізгі көшелердегі көлік қозғалысының қарқындылығын төмендетіп, қала аумағындағы жүк көліктерінің санын азайтуға және жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жолдың ұзындығы – 50 шақырым. Төрт жолақты магистраль Шымкентке Алматыдан кіретін жолды Алматы-Термез тасжолы арқылы Солтүстік айналма жолымен және Ташкент бағытына шығатын жолмен байланыстырады. Осылайша негізгі бағыттар арасындағы транзиттік қозғалыс қаланы айналып өтетін болады.
Жоба аясында интеллектуалды көлік жүйелері мен қажет инженерлік инфрақұрылым қарастырылған. Жол салу кезінде 500-ден астам жұмыс орны құрылады. Ал нысан іске қосылған соң оған қызмет көрсетумен 100-ге жуық маман айналыспақ.
Қала әкімі жаңа бағыт көлік ағынын тиімдірек бөлуге және транзиттік көліктің бір бөлігін қала жолдарынан тыс өткізуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Президент еліміздің көлік инфрақұрылымын дамытуға және транзиттік әлеуетін дамытуға баса назар аударады. Маңызды көлік торабында орналасқан Шымкент үшін бұл жоба аса маңызды. Ол жолдарға түсетін жүктемені азайтуға және іргелес аумақтардың дамуына жағдай жасайды. Бұл жерлерде өндірістік, логистикалық, сауда және сервистік нысандар орналастырылуы мүмкін», – деді Ғабит Сыздықбеков.
Айта кетейік, жоба Түркістан облысындағы туристік бағыттармен, оның ішінде таулы аймақтармен көлік қатынасын жақсартып, өңіраралық туризмнің дамуына ықпал етеді.
Жаңа айналма жол Шымкенттің көлік-логистикалық жүйесінің маңызды элементіне айналып, қаланың республикалық және халықаралық бағыттармен байланысын нығайтады.






