Қазіргі таңда қоғамда заң мен тәртіпті қамтамасыз ету — мемлекеттің тұрақты дамуының маңызды шарттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөздерінде қоғамда «Заң мен тәртіп» идеологиясын орнықтырудың маңыздылығын бірнеше рет атап өтті.
«Заң мен тәртіп» ұғымы тек құқық қорғау органдарының қызметімен шектелмейді. Бұл — әр азаматтың заң талаптарын сақтауы, өз құқықтары мен міндеттерін білуі, басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне құрметпен қарауы.
Құқықтық мемлекетте заң баршаға ортақ болуы тиіс. Азаматтың әлеуметтік жағдайына, қызметіне немесе лауазымына қарамастан, заң талаптары бірдей қолданылады. Осы қағидатты қамтамасыз етуде сот жүйесінің орны ерекше.
Соттың негізгі міндеттерінің бірі — азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету және әділ сот төрелігін жүзеге асыру. Бұл ретте сот актісінің заңды күшіне енуі ғана емес, оның орындалуы да заң үстемдігінің маңызды көрсеткіші болып табылады.
Әскери ортадағы заң мен тәртіп
Әскери қызмет саласында заң мен тәртіптің маңызы ерекше. Әскери қызметшіге жүктелген міндеттердің орындалуы әскери бөлімнің тәртібіне, қызметтік міндеттердің сапалы атқарылуына және жалпы мемлекеттің қорғаныс қабілетіне тікелей байланысты.
Әскери тәртіп — тек бұйрықтарды орындау емес. Ол заңдарды, әскери жарғыларды және қызметтік міндеттерді сақтаумен қатар, әскери қызметшілердің құқықтарын құрметтеуді де қамтиды.
Осы тұрғыдан алғанда, әскери соттардың қызметі заңдылық пен әділеттілікті қамтамасыз етуде маңызды орын алады. Сот әрбір істі заң талаптарына сәйкес қарап, адамның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған шешім қабылдайды.
Заң мен тәртіп — ортақ жауапкершілік
Қоғамда заң мен тәртіпті қалыптастыру тек мемлекеттік органдардың міндеті емес. Бұл — әр азаматтың ортақ жауапкершілігі.
Заңды сақтау қорқыныштан емес, құқықтық сана мен азаматтық жауапкершіліктен туындауы қажет. Әр адам өз құқығын біліп қана қоймай, өз міндетін де түсінген кезде қоғамдағы құқықтық мәдениет қалыптасады.
Заңға құрмет бар жерде — тәртіп бар. Тәртіп бар жерде — тұрақтылық пен қауіпсіздік бар.
Сондықтан «Заң мен тәртіп» қағидаты күнделікті өмірде нақты әрекетпен көрініс табуы тиіс. Заңды сақтау, өзгенің құқығына құрметпен қарау және қабылданған сот актілерін орындау — құқықтық мемлекетті нығайтудың негізгі шарттарының бірі.
Заң мен тәртіп – мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ құндылығы және әр азаматтың жауапкершілігі.
Абылай АБДЫНАСЫР,
Шымкент гарнизоны әскери соты әкімшісінің бас маман-сот отырысының хатшысы.






