Тіл – ұлттың рухани өзегі, халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан тарихы мен мәдениетін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін баға жетпес құндылық. Ана тілі арқылы адам өз болмысын танып, туған елінің тарихын, салт-дәстүрін, ұлттық дүниетанымын бойына сіңіреді. Сондықтан мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру – баршамызға ортақ міндет.
Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Бұл – Конституцияда айқындалған негізгі қағида. Мемлекеттік тілдің қоғам өмірінің барлық саласында кеңінен қолданылуы ел тәуелсіздігінің, ұлттық бірегейліктің маңызды көрінісі болып табылады.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуде сот жүйесінің де өзіндік орны бар. Өйткені сот – заң үстемдігі қамтамасыз етілетін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары қорғалатын маңызды мемлекеттік институт.
Сот саласында тіл мәселесі тек мемлекеттік тілдің мәртебесі тұрғысынан ғана емес, ең алдымен адамның конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету тұрғысынан қаралады.
Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес, қылмыстық сот ісін жүргізу қазақ тілінде жүзеге асырылады. Сонымен қатар сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал қажет болған жағдайда басқа да тілдер қолданылады.
Бұл талап сот процесіне қатысушылардың барлығына түсінікті болуы тиіс. Сот ісін жүргізу тілін жеткілікті деңгейде білмейтін адам өзіне түсінікті тілде мәлімдеме жасауға, түсініктеме мен айғақ беруге, өтінішхаттар мен шағымдар келтіруге және сотта сөз сөйлеуге құқылы.
Мұндай жағдайда аудармашының қызметі де қамтамасыз етіледі. Іске қатысушы адамның сотта айтылғандарды толық түсінуі – оның өз құқықтарын тиімді қорғауының маңызды кепілі. Демек, соттағы тіл мәселесі әділ сот төрелігінің сапасымен тікелей байланысты.
Сот залында айтылған әрбір сөздің салмағы бар. Себебі бір ғана сөз адамның тағдырына, оның құқығы мен заңды мүддесіне әсер етуі мүмкін. Сондықтан соттағы сөз анық, сауатты әрі заң талаптарына сай болуы қажет.
Құқықтық терминдердің дұрыс қолданылуы, сот актілерінің мемлекеттік тілде сауатты әзірленуі, азаматтарға заң талаптарының қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізілуі – сот жүйесіндегі тіл мәдениетінің маңызды көрсеткіштері.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот ісін жүргізу тілі қағидатын қолдануға қатысты нормативтік қаулысында бұл қағидатты сақтау сот процесіне қатысатын адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің құқықтық кепілі екені нақты көрсетілген.
Сондықтан сот қызметкерлері үшін мемлекеттік тілді жетік меңгеру – тек кәсіби міндет қана емес, азаматтарға сапалы қызмет көрсетудің, заңды дұрыс түсіндірудің және сот төрелігінің ашықтығын қамтамасыз етудің бір тетігі.
Бүгінде сот жүйесінде мемлекеттік тілдің қолданысын арттыруға ерекше мән беріліп келеді. Сот құжаттарын мемлекеттік тілде әзірлеу, ресми хат алмасуды қазақ тілінде жүргізу, азаматтардың өтініштеріне мемлекеттік тілде жауап беру, сот отырыстарында қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту бағытындағы жұмыстар тұрақты жүргізілуде.
Бұл ретте тілдің дамуы тек құжат санымен өлшенбейді. Ең бастысы – қазақ тілінің сот қызметіндегі табиғи әрі сапалы қолданысын қалыптастыру.
Мемлекеттік тілде сауатты сөйлейтін, ойын нақты жеткізетін, заң терминдерін орынды қолданатын әрбір маман – қазақ тілінің құқықтық саладағы беделін арттыруға өз үлесін қосады.
Тілге деген құрмет – Отанға деген құрметтен басталады. Ал мемлекеттік тілге деген құрметті күнделікті қызметімізбен көрсету – баршамыздың азаматтық парызымыз.
Сот төрелігінің басты мақсаты – заңдылықты сақтау, адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау. Осы ізгі мақсатқа қызмет ететін тіл де әрдайым анық, әділ әрі түсінікті болуы керек.
Қазақтың «Өнер алды – қызыл тіл» деген қанатты сөзі бекер айтылмаған. Сөздің қуаты – оның мағынасында, ал заң тілінің қуаты – оның адам құқығын қорғауға қызмет етуінде.
Ендеше, мемлекеттік тілді дәріптеу – тек тіл мамандарының немесе жекелеген сала өкілдерінің емес, барша азаматтың ортақ міндеті. Ана тіліміздің абыройын асқақтатып, оны сот жүйесінде де биік деңгейде қолдану арқылы біз заң үстемдігі мен ұлттық құндылықтарды қатар орнықтыра түсеміз.
А.КЕНЖЕБЕКОВА,
Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық соты әкімшісінің басшысы.





