Шымкент қаласында рухани құндылықтарды дәріптеу, еңбек адамдарын құрметтеу және мәдениет саласын ақпараттық тұрғыдан сүйемелдеу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Осы орайда Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында ерекше мазмұнды кеш өтті. Кітапхана директорының орынбасары, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Гүлмира Батырбайқызы Алпысбаеваның 60 жас мерейтойына арналған «Кітапханаға ғұмырын арнаған жан» атты әдеби-сазды мерекелік кездесу кеші жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Шараның басты мақсаты – кітапхана ісіне адал қызмет етіп, өмірінің жарты ғасырын осы саланың дамуына арнаған жанның ерен еңбегін елге паш ету, жас буынға өнеге көрсету және қоғамдағы еңбек, сенім, жауаптылық сияқты рухани құндылықтарды насихаттау. Елдің рухани қазынасын байытуға үлес қосып жүрген тұлғаларды ұлықтау – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі.
Мерекелік кешті Шымкент қаласы Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Убайдуллақызы Оңдасынова салтанатты түрде ашып, басқарма басшысының арнайы құттықтау хатын табыс етті. Сонымен қатар, Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Анар Абусайылқызы Жаппарқұлова ізгі тілегін жеткізіп, барша әріптес кітапханашылардың атынан мерейтой иесіне алғыс білдірді.
Кеш барысында Гүлмира Батырбайқызының бай еңбек жолы мен кітапхана саласына сіңірген өлшеусіз еңбегі кеңінен дәріптелді. Арнайы дайындалған «Өмір жолы – өнеге» бейнеролигі көрсетіліп, оның кітапхана саласындағы жетістіктері мен ұйымдастырушылық қабілеттері сөз болды. Әріптестерінің жүрекжарды лебіздері айтылып, ән-шашу, әсерлі арнаулар, «60 белес – 6 бейне» мерейтойлық дефиле және көрерменнің көңіл күйін көтерген әзіл-шыны аралас сахналық қойылымдар көпшілікке зор әсер сыйлады.
Мерекелік шарада ұжымның ақжарма тілектері мен ыстық ықыластары мерейтой иесіне арналып, рухани тұтастық пен сыйластықтың тамаша үлгісі көрсетілді. Кеш соңында сөз алған Гүлмира Батырбайқызы ұзақ жылдар бойы бірге еңбек еткен әріптестеріне және шараның ұйымдастырылуына үлес қосқан барлық жандарға шынайы ризашылығын білдірді.
Мерейтой аясында кітапхана фойесінде «Кітаппен өрілген ғұмыр» атты ауқымды кітап көрмесі мен арнайы мерейтойлық инсталляция жұртшылық назарына ұсынылды. Бұл кеш кітапхана саласының мәртебесін көтеріп қана қоймай, адал еңбек пен рухани құндылықтардың қоғамдағы алар орны ерекше екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.




