Қалалық Достық үйінде этнос өкілдерінің балалары мен жасөспірімдеріне арналған «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобасының қорытынды байқауы өтті.
Байқауға Шымкент қаласында тұратын 7-17 жас аралығындағы этнос өкілдерінің балалары мен жасөспірімдері қатысып, өздерінің шығармашылық қабілеттерін танытты. Жобаға қатысу үшін 20-ға жуық өтініш келіп түсті.
Жоба аясындағы қорытынды байқау «Мәнерлеп оқу» және «Бірлікке үн қосқан» номинациялары бойынша ұйымдастырылды.
Қорытынды кезеңде қатысушылардың өнері мен шығармашылық жұмыстары арнайы құрылған әділқазылар алқасының бағалауынан өтіп, байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталды.
«Мың бала» жобасы жас ұрпақтың бойындағы талант пен шығармашылық қабілетті ашуға, олардың қоғамдық ортаға белсенді араласуына мүмкіндік беретін маңызды мәдени бастамалардың бірі. Байқау барысында балалар өз өнерлерін көрсетіп қана қоймай, сахнада еркін сөйлеу, көпшілік алдында өзін ұстау және шығармашылық ізденіс бағытында тәжірибе жинақтады.
Жоба қатысушыларының әртүрлі этнос өкілдерінен құралғаны да оның тәрбиелік мәнін арттыра түседі. Бір сахнада өнер көрсеткен балалар өзара танысып, достық қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік алды. Бұл өз кезегінде жасөспірімдер арасында өзара түсіністік пен құрметті қалыптастыруға ықпал етеді.
Шымкент қаласында қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайту бағытындағы мәдени жобалардың тұрақты өткізілуі өскелең ұрпақтың тәрбиесіне оң әсерін тигізеді. Әсіресе балалар мен жасөспірімдерді шығармашылыққа тарту арқылы олардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, өнерге деген қызығушылығын арттыруға болады. Сонымен қатар мұндай іс-шаралар ел бірлігі, достық және өзара сыйластық құндылықтарын жас буын арасында кеңінен насихаттауға жол ашады.
«Бірлікке үн қосқан» музыкалық номинациясы бойынша:
🥇 1-орын – Абдурахман Темиз
🥈 2-орын – Қайрат Хван
🥉 3-орын – Дурдона Бахтиярова
«Мәнерлеп оқу» номинациясы бойынша:
🥇 1-орын – Малика Юлдашова
🥈 2-орын – Айсу Насипова
🥉 3-орын – Сабрина Махмуджанова
Байқаудың бас жүлдесін Абдурахман Темиз иеленіп, Астана қаласында өтетін гала-концертке жолдама иеленді.
Байқаудың қорытындысы жас таланттардың шығармашылық әлеуеті жоғары екенін көрсетті. Қатысушылардың өнері мен белсенділігі олардың алдағы уақытта да мәдени және қоғамдық жобаларға қатысуына жаңа серпін береді. Мұндай бастамалар балалардың қабілетін шыңдап, өз еңбегінің нәтижесін көпшілік алдында көрсетуіне мүмкіндік береді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтаймыз! Жас таланттарға шығармашылық табыс, жаңа белестер мен жарқын жетістіктер тілейміз!




