Брюссельде Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттер іскерлік орта өкілдерінің қатысуымен «Қазақстан – ЕО» дөңгелек үстелі ұйымдастырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушылар алдында сөз сөйлеп, Қазақстан мен ЕО арасындағы қарым-қатынас шынайы стратегиялық сипатқа ие болғанын атап өтті.
– Бүгінде Еуропалық Одақ еліміздің ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі саналады, оның үлесіне Қазақстанға шетелден тікелей тартылған инвестицияның жартысына жуығы тиесілі. Тек өткен жылдың өзінде екіжақты тауар айналымы 45 миллиард доллардан асты. Бұл жетістік халықаралық деңгейде мойындалды. БҰҰ Сауда және даму ұйымының (ЮНКТАД) дүниежүзілік инвестициялар туралы соңғы есебіне сәйкес, Қазақстан шет елден тікелей инвестиция тарту бойынша Орталық Азияда бірінші орынға ие, сондай-ақ посткеңестік кеңістік пен теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдер арасында көшбасшылықты сақтап келеді. Қазақстанда 4 мыңға жуық еуропалық компания табысты жұмыс істейді. Олардың көбі, әсіресе, Airbus, Polpharma Group, Air Liquide Group, Škoda Group және Alstom секілді компаниялар ондаған жылдардан бері сенімді серіктеске айналды. Сонымен бірге біз еуропалық инвесторлардың жаңа буынын қуана қарсы аламыз. Олардың қатарында Roca Group, Inditex, Maersk, Dewulf және Damen Shipyards Group сияқты танымал компаниялар бар, – деді Президент.
Мемлекет басшысы осы сапар барысында жалпы сомасы 12 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдерге қол қойылатынын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бұл Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы серіктестіктің тұжырымдамалық тәсілдерді пысықтаудан нақты әрекетке ұласқанын аңғартады.
Президент Қазақстанның соңғы жылдардағы экономикалық табысы және аталған нәтижеге жеткізген жүйелі өзгерістер жайында мәлімет берді.
– Қазақстан экономикасы орнықтылық көрсетіп, жедел дамып келеді. Былтыр ел экономикасының өсімі 6,5 пайызға жетті. Бұл – Халықаралық валюта қоры болжаған жаһандық өсім қарқынынан екі есе жоғары. Ішкі жалпы өнім көлемі 305 миллиард доллардан асты, ал жан басына шаққандағы ІЖӨ 15 мың долларды құрады. Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша, биыл ұлттық экономика көлемі 360 миллиард долларға жетеді. Қазіргі уақытта экономикамыздың 40 пайызға жуығын шағын және орта бизнес құрайды. Олар негізгі капиталға салынатын инвестицияның шамамен 70 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Бұл жетістіктерге, сайып келгенде, кешенді әрі жүйелі реформалар түрткі болды. Қазақстанда барынша ашық, бәсекеге қабілетті әрі инвесторларға қолайлы экономика құру мақсатында ауқымды саяси және экономикалық жаңғырулар жүргізіліп жатыр. Біз демократиялық институттарды күшейтіп, тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін жетілдірдік, заң үстемдігін орнаттық және адам құқықтарын қорғау аясын кеңейттік. «Заң мен тәртіп» қағидатын мүлтіксіз сақтау ішкі саясатымыздың өзегіне айналды. Таяуда өткен тарихи жалпыұлттық референдум да инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға арналған заманауи институционалдық база қалыптастыруға септігін тигізді. Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа енді инвесторларға «бір терезе» қағидатына сәйкес толыққанды қызмет көрсетеді, ал Инвестициялық кеңес инвестицияға қатысты түйткілді мәселелердің тиімді шешілуін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар біз жаңа ынталандыру тетіктерін енгізе бастадық. Мысалы, Altyn Visa бағдарламасы халықаралық инвесторларға салық және көші-қон мәселесінде едәуір жеңілдіктер береді. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан – саяси тұрақты, макроэкономикалық көрсеткішткері орнықты, экономикасы ашық әрі нарық реформаларына бейіл ел. Ал мұның бәрін инвесторлар ерекше бағалайды, – деді Мемлекет басшысы.



