Қазіргі таңда адамзат баласын алаңдатып отырған ең өзекті әлеуметтік мәселелердің бірі – нашақорлық. Бұл тек бір адамның ғана емес, тұтас отбасының, қоғам мен мемлекеттің болашағына қауіп төндіретін қауіпті кесел. Сондықтан нашақорлықты жай ғана зиянды әдет емес, ұлт саулығына, қоғамдық қауіпсіздікке және адамгершілік құндылықтарға қарсы бағытталған ауыр дерт деп бағалауға болады.
Нашақорлық адамның тәнін ғана емес, ең алдымен оның жан дүниесін, ерік-жігерін, ар-ұжданын күйретеді. Есірткіге тәуелді болған адам уақыт өте келе өз өмірінің мәнін жоғалтып, қоғамнан оқшаулана бастайды. Оның денсаулығы әлсіреп, психологиялық жағдайы бұзылады, еңбекке қабілеті төмендейді. Нәтижесінде отбасы берекесінен айырылып, жақындары қайғы-қасіретке ұшырайды. Сондықтан да нашақорлықты «жанның қатерлі ісігі» деп атау бекер емес.
Мамандардың пікірінше, есірткіге тәуелділік көбінесе қызығушылықтан, ортаның ықпалынан, бос уақытты тиімді ұйымдастыра алмаудан және өмірлік мақсаттың айқын болмауынан туындайды. Әсіресе жасөспірімдер мен жастар есірткі таратушылардың негізгі нысанасына айналып отыр. Бүгінде синтетикалық есірткі түрлерінің көбеюі және олардың интернет арқылы жасырын таралуы бұл мәселенің өзектілігін одан әрі арттыруда. Мемлекет есірткі қылмысына қарсы күресті ұлттық қауіпсіздіктің маңызды бағыттарының бірі ретінде қарастырып келеді.
Нашақорлықтың салдары тек жеке адаммен шектелмейді. Ол қылмыстың өсуіне, қоғамдық тәртіптің бұзылуына, отбасылық жанжалдардың көбеюіне және әлеуметтік тұрақсыздыққа алып келеді. Есірткіге тәуелді адамдардың арасында құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың жиі кездесуі де кездейсоқ емес. Сондықтан құқық қорғау органдары есірткі қылмыстарының алдын алу, заңсыз айналымның жолын кесу және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде.
Алайда бұл індетпен күрес тек мемлекеттік органдардың ғана міндеті емес. Оған ата-ана, ұстаз, қоғам белсенділері және әрбір азамат үлес қосуы қажет. Балалардың тәрбиесіне көңіл бөліп, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, спортпен және шығармашылықпен айналысуына жағдай жасау – нашақорлықтың алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі. Отбасындағы мейірім мен сенім де жас ұрпақты теріс жолдан сақтайтын маңызды фактор болып табылады.
Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы: «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық – аздырар адам баласын» деген еді. Расында, өмірлік мақсаты айқын, білімге құштар, еңбекқор жас зиянды әрекеттерден аулақ болады. Сондықтан жастарды адал еңбекке, білімге, отансүйгіштікке тәрбиелеу – болашаққа салынған ең сенімді инвестиция.
Нашақорлық – бір адамның ғана емес, бүкіл қоғамның қасіреті. Оның алдын алу – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз. Салауатты өмір салтын насихаттап, жастарды дұрыс бағытқа жетелей алсақ, келешек ұрпақтың жарқын болашағына жол ашамыз. Өйткені есірткіге қарсы күрес – ұлттың денсаулығы мен елдің ертеңі үшін жасалатын маңызды қадам.
С. ОРДАБЕКОВ,
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әкімшісінің аға сот приставы.




