Алматы қаласындағы №118 мектеп-гимназиясында «Ұлттық ұлан – патриотизм мен батылдық» акциясы аясында жас ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беруге бағытталған маңызды іс-шара өтті. Тағылымы мол жиын барысында «Жас бүркіт» әскери-патриоттық, спорттық сыныбының салтанатты ашылу рәсімі ұйымдастырылып, Қазақстан Республикасы Кеңес Одағының Батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімі мен білім ордасы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Салтанатты шараға әскери бөлім басшылығы, ұстаздар қауымы, ата-аналар мен оқушылар қатысты. Жиын Мемлекеттік Тудың енгізіліп, Қазақстан Республикасының Әнұранының орындалуымен басталды. Әскери қызметшілердің саптық көрінісі мен Ту тобының шығуы оқушыларға ерекше әсер сыйлап, патриоттық рухты асқақтатты.
Іс-шараның маңызды кезеңдерінің бірі – 3 «З» сыныбының 33 оқушысының «Жас бүркіт» қатарына қабылдануы болды. Жас өрендер салтанатты түрде ант қабылдап, Отанға адал қызмет етуге, елін құрметтеп, патриоттық рух пен тәртіпті биік ұстауға серт берді.
Шара барысында әскери-патриоттық тәрбиенің маңызы кеңінен насихатталып, жас буынды елжандылыққа баулудың мәні айтылды. Сонымен қатар, 5571 әскери бөлімінің әскери оркестрі патриоттық әндер орындап, мерекелік кештің көркін қыздырды.
5571 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Ұлықбек Қараев мұндай бастамалардың өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі рөліне тоқталды.
– Бүгінгі «Жас бүркіт» сыныбының ашылуы – жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастырып, әскери қызметке деген қызығушылықты арттыруға бағытталған маңызды қадам. Елін сүйетін, тәртіпті, рухы биік жастар – мемлекеттің жарқын болашағы. Сондықтан мұндай тәрбиелік шаралардың маңызы зор, – деді подполковник Ұлықбек Қараев.
Осындай тағылымды іс-шаралар жас буынның бойында патриоттық рухты нығайтып, Отан қорғау ісіне деген жауапкершілік сезімін қалыптастыруға үлкен үлес қосады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі




