Мемлекеттік қызмет – қоғам мүдделеріне адал қызмет етуге, халық бірлігін нығайтуға және елдегі ұлтаралық келісімді сақтауға ықпал ететін, қоғамның қалыпты өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталған сала. Осы қызмет арқылы мемлекеттік органдардың міндеттері мен функциялары жүзеге асырылады, ал оны атқаратын – мемлекеттік қызметшілер. Олардың негізгі міндеті – халыққа адал қызмет ету. Әрбір қызметкер бұл қағиданы үнемі басшылыққа алуы тиіс. Халықпен тығыз байланыста болып, кез келген жағдайда әділдік танытуы қажет. Мемлекеттік қызметші ел мүддесін бірінші орынға қойып, жедел әрі дұрыс шешім қабылдай білуі керек. Себебі әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси тұрақтылық тікелей мемлекеттік қызметтің сапасына байланысты. Демек, ұлт беделін арттырып, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметші болу – үлкен жауапкершілік, өйткені ол әрдайым биліктің келбетін және кәсіби деңгейін айқындайды.
Мемлекеттік қызметте еңбек ету адамнан бұл миссияны саналы түрде түсінуді, шынайы ынта-жігерді және ең алдымен таза ниетті талап етеді. Ел игілігі үшін адал қызмет ететін адам ғана толыққанды тұлға ретінде қалыптаса алады. Осы тұрғыда өзін-өзі тану мен өзін-өзі бағалау мәдениетін дамыту маңызды. Бұл жауапкершілікті күшейтіп, тұлғалық дамуға жол ашады. Өзін-өзі бағалау айна іспетті: адамға өзіне сырт көзбен қарауға мүмкіндік беріп, кемшіліктермен жұмыс істеуге жетелейді. Мемлекеттік қызметші тек кәсіби білімі арқылы ғана емес, адамгершілік тұрғысынан да өзгелерге үлгі бола білуі тиіс.
Өз өкілеттіктерін жүзеге асыру барысында қызметкер азаматтардың қажеттіліктерін түсініп, олардың пікіріне құлақ асуы қажет. Қабылданатын шешімдердің заңдылыққа, объективтілік қағидаттарына және мемлекет мүддесіне сәйкес келуі міндетті.
Бұл салада табысты жұмыс істеу үшін тек теориялық білім жеткіліксіз, қызметкер үнемі өзін жетілдіріп отыруы тиіс. Кәсіби біліктілікті арттыру және мемлекеттік басқарудың заманауи тәсілдерін меңгеру – уақыт талабы. Цифрлық трансформация жағдайында мемлекеттік қызметші ақпараттық технологияларды, цифрлық жүйелерді және электрондық үкімет платформаларын еркін қолдана алуы қажет, өйткені көрсетілетін қызмет сапасы соған тікелей байланысты.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ерекше мәнге ие. Бұл – халық сенімін арттырудың негізгі шарттарының бірі. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын тұрақты түрде атап өтіп, әрбір қызметкерді халықпен тығыз байланыста жұмыс істеуге және ашықтықты қамтамасыз етуге шақырады.
Жалпы алғанда, мемлекеттік қызмет мәдени институт ретінде мемлекеттің басқару жүйесінің даму деңгейін көрсетеді. Бұл ретте мемлекеттік қызметшілердің құзыреттілігі, кәсібилігі және моральдық ұстанымдары осы жүйенің тиімділігін арттырып, оның азаматтардың нақты өміріне оң ықпал етуіне негіз болуы тиіс.
Аягөз УРМАНОВА,
Шымкент гарнизоны әскери сотының бас маман сот мәжілісінің хатшысы.




