
Шымкент қаласында өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтіп, онда 8 мыңнан астам бос жұмыс орны ұсынылды. Оның ішінде 4 мыңнан астамы солтүстік өңірлерден келген делегаттар тарапынан таныстырылды.
Қаланың «Көрме» орталығында ұйымдастырылған ауқымды іс-шараға жұмыс іздеушілердің қатысуы жоғары болды. Алғашында 50-ден астам жұмыс берушінің қатысуы жоспарланғанымен, нәтижесінде олардың саны 80-нен асып, ұсынылған бос жұмыс орындары 4 мыңға жуықтады.
Жәрмеңкеде жұмыссыз азаматтармен қатар жастар, зейнет жасына дейінгі тұрғындар, пробация қызметі есебінде тұрғандар, бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан азаматтар және алимент берешегі бар тұлғалар ұсынылған мүмкіндіктермен кеңінен танысты.
Іс-шараға Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Абай, Шығыс Қазақстан және Ұлытау облыстарынан келген делегаттар қатысып, өңіраралық жұмыспен қамту тетіктері, ерікті қоныс аудару бағдарламалары, сондай-ақ өңірлердің географиялық ерекшеліктері мен әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктері жөнінде ақпарат берді.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек жәрмеңкені аралап, солтүстік өңірлерден келген делегациялармен кездесіп, ұсынылған бастамалармен танысты. Ол ерікті түрде қоныс аударуға ниетті азаматтардың жаңа ортада өз әлеуетін жүзеге асыруына қолдау көрсету мақсатында бірлескен ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізуге дайын екенін атап өтті.
Бүгінгі жәрмеңкеде 1000-ға жуық адам қатысып, нақты нәтижелерге қол жеткізілді.
Атап айтқанда, 96 адам тұрақты жұмыс орындарына жолданса, 17 азамат субсидияланатын жұмыс орындарына бағытталды. Пробация қызметінде тіркеуде тұрған 118 адамның 24-і жұмысқа орналастыруға жолдама алды.
Сонымен қатар алимент берешегі бар 38 азаматқа тұрақты жұмыс ұсынылып, оның 15-іне жолдама берілді.
Сондай-ақ 422 қала тұрғыны ерікті түрде қоныс аудару мәселелері бойынша кеңес алды. Оның ішінде пробация есебінде тұрған 8 азаматқа толыққанды түсіндіру жұмыстары жүргізілді.




