• Біз туралы
  • Портал тәртібі
  • Байланыс
Среда, 2 июля, 2025
Newqazaq.kz
No Result
View All Result
  • Басты бет
  • Саясат
  • Қоғам
  • Мәдениет
  • Руханият
  • Экономика
  • Аймақ
  • Спорт
  • Құқық-заң
  • Технология
  • Денсаулық
  • Басты бет
  • Саясат
  • Қоғам
  • Мәдениет
  • Руханият
  • Экономика
  • Аймақ
  • Спорт
  • Құқық-заң
  • Технология
  • Денсаулық
No Result
View All Result
Morning News
No Result
View All Result
Home Басты ақпарат

Туған жерге – туыңды тік!

22.05.2024
in Басты ақпарат
ТҮРКІСТАН: РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЭКОАКЦИЯ ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНДА ЖАЛҒАСТЫ

Адам баласы туған жер, атажұрт деген қасиетті ұғымдар арқылы өзінің кіндік қаны тамған жерді Отаны санайды. Оған қоса біздің қазақ халқы кіндік қаны тамған жерге кіндігімен байланғандай өте құрмет тұтып, жүрегінің түкпірінде сағынышын сақтап, қайда кетсе де сол ауылына міндетті түрде соғып, түбінде оралуға тырысады. Оңтүстік өңіріне ғана емес, бүкіл елімізге өзінің тылсым да қаймағы бұзылмаған тұмса табиғатымен, ерекше флора және фаунасымен белгілі Түлкібас ауданында Қайыршақты деген қасиетті мекен бар. Ол менің түп тұқиянымнан бері ата-бабаларым қоныс тепкен, әкем туып-өскен қасиетті де аруақты жер.
Шерхан Мұртаза атамыз бұл өлке туралы «Тұлпар туған жер, сұңқар қонған жер. Әр тасы тарихтан сыр шертетін таңғажайып мекен» деген ғой. Сол айтқандай бұл жер тек әсем табиғатымен, сирек кездесетін аң-құс, жәндік, гүл, өсімдіктерімен ғана әйгілі емес, бұл жердің тау-тасында сонау ықылым замандарда түпкі бабаларымыз тасқа қашап жазып кеткен петроглифтер – тастағы суреттер де жиі кездеседі. Солардың өзі бұл жердің адам баласының ең алғашқы қоныстарының бірі болғанын білдірсе керек.
Қайыршақты елдімекенінің тарихы тас дәуірінен басталады. Сол көне қоныстың жанынан таудан сарқырай ағып жатқан Қайыршақты өзенінің атауы негізінде ауылдың атауы Қайыршақты аталған. Батыс Тәңіртауының (Тянь-Шан) Талас Алатауы сілемдерінің қойнауындағы екі таудың ортасында орналасқан, көне дәуірде іргетасы қаланып, сонау ықылым заманнан адамдар мекендеген бұл аруақты қоныста Темір руының Жарылқап атасынан тараған ұрпақтары тұрған. Жүздеген ғасырларға куә болған, талай дүрбелең замандарды, гүлдену мен құлдырау кезеңдерін басынан өткерген ата-бабаның кіндік қаны тамған бұл Атажұртта кеңес дәуірінде Калинино деп аталған колхоздың негізінде Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында (1993 жыл) Қайыршақты ауылының іргетасын қалаған Батырбек Райымбеков, Мырзатай Парманбеков, Үкібай Қонтаев, Жамалбек Әсілбекұлы, Мықтыбек Қонысбаевтай азаматтардың құрметіне құлпытас қойылған.
Әр жылдарда колхоздастырып, одан колхоздарды ірілендіру, бертінде кеңестік кезеңдегі шаруашылық құрылымдарды тарату сияқты науқандардың әсерінен ауыл азып-тоза бастады. Өйткені, табиғаты тамаша, өзенінде балығы тулаған, тау-тасында ондаған алуан түрлі жабайы аңдар, жәндіктер жортып, құстар қалықтап, жабайы және жеміс ағаштары жайқалған, жасыл майсаны кілемдей құлпыртқан ондаған түрлі-түсті гүлдері бар, табиғаты сұлу қыздай көз тартқан, пәк те тұмса, жер бетіндегі жұмақтай болған Қайыршақты ауылының тұрғындары ерікті-еріксіз әр жаққа көшіп кетті. Бүгінде ауылда жиырмашақты ғана тұрғын бау-бақша егіп, мал бағып өмір сүруде.
Арысы түпкі ата-бабаларым, берісі туған әкемнің кіндік қаны тамған аруақты да қасиетті мекенге мен сапарлап арнайы барып қайттым. Қайыршақтыға жақындағаннан жүрегім ерекше соғып, әлдебір тылсым сезім баурап алды. Айналадағы табиғат көрінісін көзбен көріп, көңілмен сезініп, бірақ тілмен айтып жеткізе алмайтындай әсерде болдым. Қара жолмен ауылға жете бергенде биік белдің үстінде тұрып айналаға көз жібергенде оң жағында Қарабастау, сол жағында Сырғабай ата, одан әрідегі Есекбелді көрінді. Солардың ортасында орналасқан Қайыршақты көзіме оттай басылды. Әкемнің кіндік қаны тамып дүниеге келген жер, балалық шағы осы әсем табиғат қойнауында өтіп, есейіп еңбек етіп, мына тау-тастарды талай аралап, ізі қалған жер – Қайыршақтыдан қалған шағын ауылдың бейнесіне қарап тұрып тамағыма өксік тығылды. Көзімнен парлап шығып, бетіммен төмен аққан жас моншақтарына ие бола алмай біраз тұрдым.
Айнала қандай керемет! Табиғаттың өзі шебер суретшідей Қайыршақтының айналасының табиғатын асқан шеберлікпен жұмақтың келбетіндей келістіріп жасап қойған. Мұндай табиғаттың ортасындағы ауылда тұрып, тіршілік ету жұмақта жүргендей әсер етері сөзсіз.
Ауылдың екі жағындағы тау бөктерінде сары, қызыл қызғалдақ, басқа да алуан түрлі гүлдер жайқалып, самалмен баяу ғана тербеліп, түкті кілемдей төселіп туған жердің көркін кіргізіп, жусан мен жалбыздың, киікотының, итмұрынның исі аңқып көңіл көкірегіңді аша түседі. Долана, алма сияқты жеміс ағаштары гүлдеп, арша бастаған жабайы ағаштар жасыл желекке бөленіп айналаны ертегідегідей алуан түрлі қанық бояулармен жұмақтай жайқалтып тұр. Бүркіт, сұңқар, қырғи, бөдене, кекілік, көк көгершін, сауысқан сияқты ондаған түрлі құстар түрлі үнімен шықылықтаса, бұлбұлдың әуелете сайрағаны жан сарайыңды ашып, көңіліңді көкке жеткізеді. Оған Қайыршақты өзенінің таудан төмен сарқырап аққаны мен көптеген мөлдір бұлақтардың сылдыр қаққанын қоссаңыз өзіңізді жер жәннатында жүргендей сезінесіз. Міне, ата-бабамыздан бері құтты қоныс болып, бүгінде жұрнағы ғана қалған туған мекен – Қайыршақтыны көргенде алғаш осындай сезімде болдым.
Ауылға жетіп аралағанда айналамдағы әсем де әсерлі табиғат сұлулығынан көкке жеткен көңілім пәсейіп қалды. Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне және осы ауылдың іргетасын қалаған азаматтарға арналған обелискі мен ескерткіш жетімсіреп тұр, Ал анабір жерде кезінде ауыл адамдарының әжетіне жарап дүрілдеген Тенел атаның диірменінің орны ғана қалыпты. Сол сияқты мектептің, медпункттің, дүкеннің орындарынан белгі де қалмапты. Бір кезде өмір қыз-қыз қайнаған ауылда жиырмадай ғана адам мал бағып, бау-бақша егіп күнелтіп, кейбіреулер саяжай ретінде анда-санда бір келіп кететін туған жердің тұрқын көріп жүрегім қан жылады.
Ата-бабасы, әке- анасы осы Қайыршақтыда туып, осында тұрған, бүгінде қалаға, басқа жерлерге көшіп кеткен жас және орта буын ұрпақ адамдығынан, қазақтығынан, рухынан айрылып қалмау үшін Туған жерге көшіп келсе қандай ғанибет болар еді. Ауыл қайта құлпырып сәні кіріп қана қоймай, жас ұрпақ ата-бабаның кіндік қаны тамған қасиетті жермен кіндігін байлап, солар басқан топырақпен жүріп түп тамырына жалғасар еді.
Әрине жастардың туған ауылға қайтып оралуы үшін оларға Қайыршақтыны таныстырып, туған топырақтың қасиетін түсіндіріп қана қоймай, ауылға ең алдымен тас төсеп асфальт жол салып, құбырмен газ бен су әкелу қажет. Сонда қаланың шулы абыр-сабыры мен көк түтінді ауасынан бір сәт болса демалу үшін жастар ауылға бет бұруы мүмкін.
Туған жерге деген ыстық махаббатым мен сағынышымды, қайта түлетсек деген аңсауым мен арманымды Батырәлі ақынның мына өлеңімен аяқтасам деймін:
АУЫЛДЫ САҒЫНҒАНДА
Қырында гүл жайнаған,
Құстары ән сайраған.
Бұл біздің Қайыршақты,
Қарасаң көз тоймаған.
Тарихы тым тереңде,
Сыймайтын бір өлеңге.
Ауылдың жұпар исі,
Әлі де тұр денемде.
Тау мен көл, өзенін де,
Қимайсың кетеріңде.
Қайыршақ — құтты мекен,
Қос таудың етегінде.
Ұл-қызы ар сақтады,
Маңдайын құрғатпады.
Бұл жерде тамыр жайған,
Темір ата ұрпақтары.
Өткеннен сыр шертеді,
Көктанды кесенесі.
Маятас тауда тұрған,
Құдайдың кереметі.
Жауына айбат салған,
Жұрт үшін қайрат қылған.
Теке қамал ер батырым,
Ел, жерін қорғап қалған.
Өсірсе бағымды Алла,
Мол қуаныш табылғанда.
Бір өлең жазғым келер,
Ауылды сағынғанда.
Табиғаты шипа адамға,
Жер жәннаты білген жанға.
Ауылым деп ән саламын,
Туған жерді сағынғанда.
Мөп-мөлдір бұлақтары,
Бойымды қуаттады.
Сайраған бұлбұл, бөдене әні,
Санамда шуақтады.
Арайлы таңы қандай?
Таза ауасы дәрі балдай.
Жусан мен киікоты,
Аңқыған иісі қандай!
Бұл менің өскен жерім,
Кіндік қан тамған жерім,
Жырыммен паш етемін,
Ауылымның көк пен жерін.
Гүлжан АЛТЫНБЕКОВА,
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті,
филология ғылымының кандидаты.

Оқи отырыңыз...

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫ МЕН МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТТАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫ МЕН МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТТАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

01.07.2025
САУРАН АУДАНЫНДА «ТАБИҒАТҚА ҚАМҚОРЛЫҚ ЖАСАУ» КҮНІНЕ ОРАЙ ЭКОАКЦИЯ ӨТТІ

САУРАН АУДАНЫНДА «ТАБИҒАТҚА ҚАМҚОРЛЫҚ ЖАСАУ» КҮНІНЕ ОРАЙ ЭКОАКЦИЯ ӨТТІ

30.06.2025
ОТЫРАР АУДАНЫНДА ТӘУЛІГІНЕ 120 ТОННА МАҚТА ӨҢДЕЙТІН ЗАУЫТ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

ОТЫРАР АУДАНЫНДА ТӘУЛІГІНЕ 120 ТОННА МАҚТА ӨҢДЕЙТІН ЗАУЫТ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

30.06.2025
ShareTweetShareSendShareShare

Comments 5

  1. Жанар says:
    1 год ago

    Жаксы айтылган

    Ответить
  2. Ғалымжан says:
    1 год ago

    Туған жер туралы жақсы естелік екен.

    Ответить
  3. Рахымжан Абдраимов says:
    1 год ago

    Туған жерге деген керемет туынды екен.

    Ответить
  4. Максат says:
    1 год ago

    Әпше талабыңызға нұр жаусын,биік биік белестеплен көріне беріңіз,қаиыршақтыға барғандаи сезімде болдым ,не деген сағыгыш десеннізші,тамаша керемет суреттеп бердіңіз Темірлер жасаи берсіңNEWQASAQ

    Ответить
  5. Максат says:
    1 год ago

    Әпше талабыңызға нұр жаусын,биік биік белестеплен көріне беріңіз,қаиыршақтыға барғандаи сезімде болдым ,не деген сағыгыш десеннізші,тамаша керемет суреттеп бердіңіз Темірлер жасаи берсің

    Ответить

Добавить комментарий Отменить ответ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Соңғы жаңалықтар

МЮНХЕНДЕ  ШЕТЕЛДІК МАМАНДАР  ШЫМКЕНТТІҢ ТУРИЗМ САЛАСЫ ТУРАЛЫ АҚПАРАТ АЛДЫ

МЮНХЕНДЕ ШЕТЕЛДІК МАМАНДАР ШЫМКЕНТТІҢ ТУРИЗМ САЛАСЫ ТУРАЛЫ АҚПАРАТ АЛДЫ

01.07.2025
ВЕНГРИЯДА ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТУРИСТІК МҮМКІНДІКТЕРІ КЕҢІНЕН ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

ВЕНГРИЯДА ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТУРИСТІК МҮМКІНДІКТЕРІ КЕҢІНЕН ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

01.07.2025
ЕҢБЕГІМЕН ЕЛГЕ ҮЛГІ АЗАМАТ

ЕҢБЕГІМЕН ЕЛГЕ ҮЛГІ АЗАМАТ

01.07.2025
Facebook Instagram Youtube Telegram VK Twitter

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек.

Құпиялылық саясаты

Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитетінде тіркеліп
ақпараттық агенттігі ретінде 19.03.2021 ж. № KZ72VPY00033653  куәлігі берілді.

E-mail: newqazaq@mail.ru
Телефон: +7 707 460 8546, +7 701 319 99 91
Мекен жайы: Қазақстан Республикасы, Шымкент қаласы

© 2021-2025. Newqazaq.kz - ақпараттық агенттігі. Барлық құқықтар сақталған

No Result
View All Result
  • Басты бет
  • Саясат
  • Қоғам
  • Мәдениет
  • Руханият
  • Экономика
  • Аймақ
  • Спорт
  • Құқық-заң
  • Технология
  • Денсаулық
  • Біз туралы
  • Портал тәртібі
  • Байланыс

© 2021-2025. Newqazaq.kz - ақпараттық агенттігі. Барлық құқықтар сақталған