Тәуелсіздік жылдарында елімізде орын алған күрделі саяси-экономикалық жаңарулар мен өзгерулер ағымында мемлекет билігінің қайнар көзі болып табылатын халқымыздың рухани өмірі мен діни көзқарастары да бір жағынан толығып, ал енді бір жағынан әралуан бағыттар бойынша дамып, бүгінгі көптеген этникалық топтар мен түрлі діндерді ұстанатын зайырлы Қазақстан қоғамы қалыптасты. Халықтың тұтастығы мен діннің тұтастығы және мемлекеттің тұтастығы арасында тікелей тәуелді байланыс бар екенін ескерелік. Көптеген этникалық топтар мен діни сенімдерден құралған біздің қоғамымыздағы өтпелі кезеңде дін атаулының мемлекеттің ішкі тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамсыздандырудағы рөлі, өндіруші күш болып табылатын халықты ұйымдастыру құдіреті, халықаралық қатынастардағы салмағы және еліміздің болашағы мен баяндылығына тікелей әсері өте анық көрініс берді.
Дін мен мемлекет байланысының аражігін айқындайтын бірден бір құрал – мемлекетіміздің тарапынан қабылданған заңдар. Өз тәуелсіздігімізді алғанымызға бүгінде 33 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығына дейін қаншама адам келіп-кетіп жатты. Өздерімен бірге ұстанған діндерін де алып келгендірі өтірік емес. Сондықтан дін саласы бойынша құқықтық реттеу жүйесі мемлекетіміз үшін ауадай қажет екені сөзсіз.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 1 – бөлім, 1 – бабы бойынша: «Мемлекетіміз өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары» екендігі нақты айтылады. Мемлекетіміздің басқару моделі көрші елдермен ұқсастығы бар болғанымен, өзіндік артықшылықтары бар. Әсіресе, конфессияаралық және ұлтаралық қарым қатынастарда көрінеді…