Түркістан облысының бас имамы Ержан Сматұлы Толепов Жетісай ауданына жасаған іс-сапары барысында Жетісай қаласында орналасқан «Жетісай жоғары медицина колледжі» МКҚК студенттерімен кездесу өткізді. Кездесуге Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Марат Айнабеков, Жетісай ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы Т.Ташева және колледж ұстаздары мен білім алушы болашақ медицина мамандары қатысты. Сөз барысында бас имам Ержан Сматұлы: «Жаратушы Иеміз қасиетті Құранның алғашқы аятының «Оқы!»,-деп бастауында үлкен мән жатыр. Себебі, білімді талап ету- әрбір адамға жүктелген міндет. Жас ұрпақ діни біліммен ғана шектелуі жаңсақ пікір. Жаратылыстану, медицина ғылымын игеріп, қоғам мен қоршаған ортаға пайдалы бола білуі қажет. Осы орайда, сіздер білім алып отырған бұл ғылымның ошағы- қаншама адамзаттың ем табуына, дендерінің сау болып отбасына қауышуына үлкен септігін тигізеді деп есептеймін. Сонымен қатар, Алла Тағаладан пайдалы білімді, Отанымыз үшін ерекше қызмет ететін азаматтар мен азаматшалар шықсын деген ізгі тілегім бар»,-деп сөзін қорытындылады. Өз кезегінде аудан әкімінің орынбасары Марат Айнабеков ат басын бұрып, арнайы келген бас имам Ержан Сматұлына мекеме ұжымы атынан алғыс білдіріп, алдағы қызметіне толағай табыс тіледі.